2025 жылы Астанада жарық бағасы өсе ме
АСТАНА. KAZINFORM – Елордада 2025 жылы электр энергиясының құны биылғыдан 18,4 пайызға өсуі мүмкін. Бұл туралы елордада өткен жария тыңдауда «Астана-АЭК» АҚ жариялаған өтінімде айтылған.

«Астана — аймақтық электржелілік компаниясы» елордалық тұтынушыларға электр қуатының тұрақты әрі сапалы қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Компанияның қызмет көрсету көлемі 104 829 шартты бірлікті құрайды. Қалада 5393 шағын станция бар, оның 1781-іне «Астана-АЭК» қызмет көрсетеді. Электр желісінің ұзындығы 6042 км.
— 2020 жылы ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті Астана қаласы бойынша департаментінің бұйрығы бойынша 2025 жылғы тариф 1 киловатқа 4 теңге 88 тиын мөлшерінде бекітілген. 2023 жылдың қаңтарында ҚР «Табиғи монополиялар» туралы заңына, соның ішінде тарифті белгілеу бөлігіне өзгерістер енгізілген. Соған сай, «Астана-АЭК» АҚ жергілікті өкілетті органдарға жылына бір рет шығындардың өсуіне байланысты тарифті қайта қарауға өтінім бере алады, — деді аталған компанияның Басқарма төрағасының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Нұрлан Оңғарбаев.
Компания өкілі шығындардың өсуіне стратегиялық тауарларды сатып алу, қызметкерлердің жалақысын көтеру және теңгерімге жаңа нысандардың қосылуы әсер ететінін атап өтті.
— «Астана-АЭК» АҚ 2025 жылғы тарифті қайта қарау туралы өтінім әзірледі. Оған сай бір киловаттың бағасы — 7,94 теңге. Бұл 2024 жылға бекітілген тарифтен 18,4 пайыз жоғары, — деді ол.
Спикердің айтуынша, 2025 жылғы тарифтің көтерілуіне ықпал еткен негізгі факторлардың бірі — инвестициялық бағдарламаның өсуі. Яғни, қосымша 2 003 651 000 теңге инвестиция тартылады. Бұл шара энергия нысандарының тозу көрсеткішін төмендету, көрсетілетін тұрақты қызметтер сапасын жақсарту, электр желілеріндегі апат жағдайларын азайтуға бағытталған.
Айта кетейік, бұған дейінгі өткен жария тыңдауда елордада келер жылға жаңа жылу тарифін белгілеу мәселесі көтерілген еді.