2025 жылы доллар 545 теңгеге дейін баруы мүмкін – Қаржыгерлер қауымдастығы

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы келер жылы теңге бағамы қалай құбылатыны туралы болжамын жария етті.

доллар
Фото: pixabay

- Қазақстан үшін 2025 жылы ең елеулі сын-қатер шикізат бағасының әрі қарай түсуінен туындауы мүмкін. Бұған АҚШ-та тақтатастан мұнай өндіру көлемінің артуы, ОПЕК+ ұйымының қазіргі бағаға ымыраластық танытуы (2025 жылдың алғашқы тоқсанында бірқатар шектеудің мерзімі бітеді) себепкер болмақ. Мұндай сценарий экономикалық өсім, сауда балансы, ағымдағы операциялар шоты, бюджет пен Ұлттық қорға түсетін кірістер, ұлттық валюта бағамы сияқты негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерге кері әсер етуі мүмкін. Оның салдары экономиканың әртараптануы және қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру қиындауы мүмкін, - деп жазады қауымдастық сарапшылары.

Сондай-ақ, елдің жалпы ішкі өнімінің көлемі келер жылы 4,4 пайыз көлемінде артады деген болжам айтылған.

- Ұлттық валютаның бағамы 2023 жылдың қорытындысындағы деңгейге қарағанда 12,7 пайыз бәсең деңгейде нығайғаннан кейін 2024 жылды 10 пайыздан асатын құлдыраумен аяқтауы мүмкін. Оған ішкі нарықта шетелдік валютаға деген сұраныс ұсыныстан әлдеқайда артуы түрткі болады. 2025 жылы USDKZT бағамы 545,2 теңгеге дейін (қазіргі мәнінен 6 пайыз жоғары) жетуі мүмкін. Теңгенің бағамына шикізат бағасының төмендігі, ОПЕК+ келісімінің аясында мұнай өндіру көлемінің кемуі, Қазақстан шикізатын тұтынатын Қытай, Еуроодақ сияқты негізгі серіктестердің экономикасындағы іркілістер, күннен-күнге өсіп жатқан импорт қысым жасауы ықтимал. Бұл инвестициялық жобалардың жүзеге асу қарқыны, теңге бағамының нашарлайтыны туралы болжамдар, аймақтағы күрделі геосаяси ахуал және инвесторлардың жалпы сын-қатерлерден үдере кетуі әсер себепкер бола алады, - делінген сараптамада.

Осыған дейін елдегі доллар мен еуроға бағамына қатысты мәліметтерді жарияладық.

 

Соңғы жаңалықтар