2025 жылы елдегі 4 әуе айлағы спутниктік аэронавигацияға көшеді

АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жылы Үржар, Қызылорда, Жезқазған, Балқаш әуе айлақтары спутниктік аэронавигацияға көшеді. Бұл туралы Көлік министрлігі Kazinform сауалына жолдаған жауабында мәлім етті. 

Международный аэропорт Туркестана Түркістан халықаралық әуежайы
Фото: Максат Шагырбаев/ Kazinform

«Қазақстан Республикасында GNSS спутниктік жүйелерінің сигналдарын пайдаланатын навигация белсенді енгізіліп келеді. 2021 жылы Қазақстан Республикасының жоғарғы әуе кеңістігінде RNAV-5 спецификациясының аймақтық навигация бағыттарын енгізу бағытында жұмыстар жүргізілді. RNAV-5 спецификациясы бойынша 95 аймақтық навигация маршруты орнатылды. 2019, 2020 жылдары Астана және Алматы әуе айлақтарындағы әуе кеңістігінде (PBN) сипаттамалары негізінде навигацияны, сондай-ақ қадамсыз төмендету және биіктікке көтерілу (CDO/CCO) рәсімдерін енгізу жобалары іске асырылды», - делінген жауапта. 

Ресми мәліметте 2024 жылы PBN спутник сигналы арқылы қону және ұшу схемалары Ақтау, Атырау, Шымкент, Үшарал және Өскемен әуе айлақтарында қолданысқа енетіні айтылған.

«2025 жылы Үржар, Қызылорда, Жезқазған, Балқаш әуе айлақтарында (PBN) схемаларды енгізу жоспарлануда. Сонымен қатар, PBN енгізу бойынша жобаларды іске асыру үшін әлемнің басқа елдерінде PBN енгізу бойынша табысты тәжірибесі бар халықаралық ұйымдардың тәжірибесі ескеріледі», - деп жазылған ресми жауапта.