2025 жылы Қазақстанда ТМД Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы өтеді
МӘСКЕУ. KAZINFORM – Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті отырысына қатысты.
Іс-шара барысында қатысушылар өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, Достастыққа қатысушы мемлекеттердің өзара іс-қимылының жай-күйі мен перспективаларын талқылады.

«Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары бірқатар шешімдер мен саяси мәлімдемелер, оның ішінде Еуразиядағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі ынтымақтастық және дене шынықтыру мен спорт саласындағы өзара іс-қимыл туралы мәлімдемелер қабылдады. 2010 жылғы 10 желтоқсандағы ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің адамдарды мемлекетаралық іздестіру туралы шартына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттама және Достастық елдерінің қылмыстық-атқару қызметтері үшін кадрларды даярлау туралы келісім бекітілді», - делінген ҚР СІМ хабарламасында.

Кездесу қорытындысы бойынша министрлер 8 қазанда Мәскеуде өтетін ТМД саммиті барысында мемлекет басшыларының қарауына ұсынылатын құжаттардың жобаларын келістірді.

Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі хабарлағандай, ТМД Сыртқы істер министрлері кеңесінің келесі отырысы келер жылдың 11 сәуірінде Қазақстанда өтетіні белгілі болды.