2025 жылы Қазақстанда топ-50 ластаушы кәсіпорын экологиялық рұқсат алады
АСТАНА. KAZINFORM – Келер жылдан бастап отандық кәсіпорындар ең үздік қолжетімді технологияларды енгізу шартымен кешенді экологиялық рұқсат алуға көшеді. Толығырақ Мәжіліс депутаты, Экология мәселелері және табиғатты пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршин айтып берді.
– Жасыл технология – тұрақты дамуды қамтамасыз етудің, экологиялық залалды азайтудың және болашақ ұрпақтың өмір сүру сапасын жақсартудың басты кілті. Әлемнің көшбасшылары мен ірі компаниялар жасыл технология инновациясына қомақты ресурстар салып жатыр, өйткені олар планетаның болашағына өздері жауапты екенін түсініп отыр. Қазақстан жаһандық қауымдастықтың бір бөлігі осы күн тәртібін қолдайды. Мемлекет басшысы Бакуде өткен климаттың өзгеруі жөніндегі тараптардың конференциясында экологиялық бастамалардың маңызын атап өтті және еліміздің жасыл технологияны жақтайтынын растады. Президент 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді стратегиялық міндеттердің бірі екенін баса айтты, - деді Еділ Жаңбыршин елордада өткен GCIP Kazakhstan 2024 ұлттық форумда.

Комитет төрағасының мәліметінше, былтыр елімізде жаңартылған энергия көздерінің үлесі 25%-ға артып, жалпы өндіріс көлемінің 6%-ын құрады.
– Қазақстанда климаттың өзгеруіне бейімделу үшін озық технологиялар қолданысқа енгізіліп жатыр. Оның ішінде спутниктік мониторинг, цифрлық құралдар, инновациялық басқару жүйелері бар. Бұл экологиялық қауіп-қатерді азайтуға мүмкіндік береді. Еліміздің 200 млн гектардан асатын жерді қамтитын ауыл шаруашылығында көміртекті егіншілік әдістерін енгізу перспективасы зор. Бұл парниктік газдың азаюына ықпал етеді, топырақ сапасын жақсартып, құнарлығын арттырады. Жасыл технологиялар еліміздің экономикалық өсуі үшін тек сын-қатер емес сонымен қатар бірегей мүмкіндіктерді ұсынады, - дейді ол.

Сондай-ақ Мәжіліс депутаты жасыл технологияларды дамыту жаңа жұмыс орындарын ашуға, инновацияны ынталандыруға және инвестиция тартуға ықпал ететінін айтып отыр.
– Бұл экономиканы әртараптандыруға, шикізатқа тәуелділікті төмендетуге және әлемдік аренадағы позициямызды нығайтуға мүмкіндік. Қазақстанда заңнамалық деңгейде қабылданған бағыттардың бірі бірінші санаттағы нысандар үшін ең үздік қолжетімді технологияларды енгізу шартымен кешенді экологиялық рұқсаттарға көшу. 2025 жылдан бастап топ-50 ластаушы кәсіпорын кешенді экологиялық рұқсат алуды бастайды. 2030 жылдан бастап бірінші санаттағы барлық кәсіпорын осы жүйеге қосылады, - деп толықтырды Еділ Жаңбыршин.
Еске сала кетейік, биыл маусымда Үкімет басшысы Олжас Бектенов «жасыл экономика» индикаторларын өңірлік даму жоспарларына біріктіруді тапсырды.