2025 жылы мемлекеттік қызметшілердің, депутаттар мен судьялардың кірістері ашық жарияланады

АСТАНА. KAZINFORM – Келер жылдан бастап «А» корпусының саяси мемлекеттік қызметшілері, мемлекеттік әкімшілік қызметшілері, адам құқықтары жөніндегі уәкіл, Парламент депутаттары, судьялар, квазимемлекеттік сектордағы лауазымды тұлғалар мен олардың жары кірістері мен мүлкі туралы декларация тапсыруға міндетті.

2023 жылы 13 млн адам декларация тапсырады
Фото: Қаржы министрлігі

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңның 11-бабының 9-тармағы қолданысқа енгізіледі. Бұл дегеніміз жоғарыда аталған «А» корпусына жататын мемлекеттік қызметшілердің кірістері мен мүлкі туралы тапсырған декларациясы ашық жариялауға жатады. Осы орайда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Жариялануға жататын кірістер мен мүлік туралы декларациядан мәліметтер тізбесін бекіту туралы» бұйрық жобасын әзірлеп, «Ашық НҚА» порталында жариялады.

«А» корпусына жататын саяси мемлекеттік қызметшілер кірістер мен мүлік туралы декларацияда қандай мәліметтерді көрсетуі керек: 

- Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде сатып алынған мүлік (оның ішінде ақша) туралы ақпарат:

1) мүліктің түрі;

2) мүлік тіркелген ел;

3) мүліктің құны (бар болса).

- Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде иеліктен шығарылған мүлік (оның ішінде ақша) туралы ақпарат:

1) мүліктің түрі;

2) мүлік тіркелген ел;

3) мүліктің құны (бар болса).

- Қазақстан Республикасынан тыс орналасқан шетелдік банктердегі банктік шоттардағы ақша туралы ақпарат:

1) Ақшаның валютамен көрсетілген сомасы;

2) Банктің атауы және банк орналасқан ел.

- Жеке тұлғаның меншік құқығындағы мүлік туралы ақпарат, яғни шет мемлекеттің құзыретті органында мемлекеттік немесе өзге де тіркеуге жататын мүлік, эмитенттері Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тіркелген бағалы қағаздар, цифрлық активтер, инвестициялық алтын, Қазақстан Республикасынан тыс жерде тіркелген заңды тұлғаның жарғылық капиталындағы үлесі:

1) жылжымайтын мүліктің түрі;

2) жылжымайтын мүлік тіркелген ел;

3) саны.

Құжат жобасы 27 желтоқсанға дейін қоғамдық талқылауға ұсынылып отыр.

Биыл қарашада белгілі болғандай қазақстандықтардың бір бөлігі декларация тапсырудан босатылды.

 

Соңғы жаңалықтар