2025 жылы онлайн-ойындарға ақшалай қаражат салу арқылы жасалған 128 алаяқтық тіркелді

АСТАНА. KAZINFORM — Өткен жылы 113 мыңнан астам тыйым салынған материалдар жариялаған интернет-ресурстар анықталды. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-министрдің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің жауабында айтылған.

компьютерная игра
Фото: pixabay

— Цифрлық ортаны мониторингілеу мақсатында «Кибербақылау» ақпараттық жүйесі жұмыс істейді. Ол заңсыз контентті анықтау мен шектеу кезінде ведомствоаралық үйлестіруді қамтамасыз етеді және тиісті шаралар қабылдай отырып, интернет-кеңістігіндегі заң бұзуды жедел анықтайды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша құқық қорғау органдары «Кибербақылау» ақпараттық жүйесіне 113 328 интернет-сілтеме енгізіп, олар бойынша жедел әрекет ету шараларын іске асырды, — деді вице-премьер.

Оның дерегінше, Ішкі істер министрлігі өткен жылы 113 мыңнан астам тыйым салынған материалдарды жариялаған интернет-ресурстарды анықтап, 34 мыңнан астамына шектеу қойды.

— Құқық қорғау органдары Бас прокуратурамен бірлесіп, цифрлық және онлайн ортадағы құқық бұзушылық фактілерін, оның ішінде интернет-алаяқтық, кибербуллинг, онлайн-тиісу және кәмелетке толмағандарды заңсыз қызметке тарту бойынша жедел әрекет жасап жатыр. Прокуратура органдарының ақпаратына сәйкес, 2025 жылы онлайн-ойындарға ақшалай қаражат салу арқылы жасалған 128 алаяқтық жағдайы тіркелді, — деді ол.

Вице-премьер әрбір анықталған факт бойынша құқық қорғау органдары Интернет ресурстардың әкімшілігімен өзара іс-қимыл жасайтынын, материалдарды уәкілетті мемлекеттік органдарға жолдайтынын атап өтеді.

— Тыйым салынған ақпарат анықталған жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, мұндай ақпаратқа қолжетімділік шектеледі, — деді Жаслан Мәдиев.

Айта кетейік, Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ Roblox онлайн-платформасын шектеуге қатысты ұсыныс білдірген еді.

Соңғы жаңалықтар
Референдум