2025 жылы отандық әуе компанияларының паркі 25 ұшақпен толығады

ұшақ
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Көлік министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында ведомство басшысы Марат Қарабаев отандық авиацияны дамытудың 2025 жылға жоспарланған негізгі міндеттерін атап өтті.

Сондай-ақ биыл Шымкент, Қызылорда және Алматы әуежайларының жаңа жолаушылар терминалдарының құрылысын аяқтау жоспарланған.

Министрдің айтуынша, ведомство әуежайлардың инфрақұрылымын жаңғырту төңірегіндегі жұмыстарды жалғастырып жатыр. Биыл Шымкент, Қызылорда және Алматы әуежайларының жаңа жолаушылар терминалдарының құрылысын аяқтау жоспарланған. Нәтижесінде Алматы әуежайының өткізу қабілеті 5 есеге (14 млн жолаушыға дейін), Қызылордада – 6 есеге (2 млн-ға дейін) және Шымкент әуежайында 7 есеге (6 млн-ға дейін) ұлғаяды.

Біріккен Араб Әмірліктерінің инвесторы жаңа басқарушы компанияның алдына қойылған бірінші кезектегі міндеттердің бірі ретінде өз қаражаты есебінен астаналық әуежайдың ұшу-қону жолағын жөндеуге кіріседі.

Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Павлодар қаласы әуежайының ұшу-қону жолағы және Балқаш қаласы әуежайының перроны мен такси жолағын қайта жаңарту жұмыстары басталады.

Еліміздің әуежайларында мультимодальды орталықтар құру үшін жеке инвесторларды тарту бойынша кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр.

2025 жылдың соңына дейін әуе кемелерінің паркін 25 бірлікке ұлғайту жоспарда бар.

Авиаотын тапшылығы мәселесін шешу үшін импортталатын әуе отынның, оның ішінде Jet A-1 маркасының көлемі ұлғайтылатын болады. Осы мақсатта Алматы әуежайының жанармай құю кешені жаңғыртудан кейін, яғни 2024 жылғы маусымнан бастап авиаотынның осы түрін пайдалануға көшеді.

Қалған әуежайлар өздерінің мүмкіндіктері мен қажеттіліктерін ескере отырып, осы жанармай маркасын кезең-кезеңмен пайдалануға көшеді.

Авиаотынның түпкілікті құнына әсер ететін делдалдық құрылымдарды болдырмау үшін министрлік мұнай өңдейтін зауыттардан тікелей сатып алу мәселесін пысықтап жатыр.

«Жалпы, Мемлекет басшысының тапсырмалары мен сала алдында тұрған міндеттер уақытылы орындалатын болады. Оның ішінде, авиаотынмен қамтамасыз ету, мультимодальды хабтар құру, әуе тасымалдарының қолжетімділігін арттыру және әуе кемелері паркін толықтыру жөніндегі шаралар. Нәтижесінде алдағы 6 жылда әуе көлігін пайдаланатын жолаушылар санын 2 есеге және өңделген жүк көлемін 7 есеге арттыруға ниеттіміз», – деді министр.

Соңғы жаңалықтар