2025 жылы пайдалануға берілуі тиіс 152 жайлы мектептің құрылысы әлі басталмаған
АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде 2025 жылы пайдалануға берілуі тиіс 152 жайлы мектептің құрылысы әлі басталмаған. Бұл туралы Мәжілісте Жоғары аудиторлық палатасының мүшесі Ардақ Теңгебаев айтты.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша берілуі 2025 жылға жоспарланған 152 мектепті іске асырудағы кемшіліктер мен проблемалар анықталды. Іс жүзінде олардың құрылысы әлі басталмаған, өйткені жобалау-сметалық құжаттар толық бекітілмеген, конкурстық рәсімдер толық аяқталған жоқ, барлық объектілерге жер бөлінбеген. Бірінші кезеңдегі мектептерде де осындай проблемалар бар», - деді ол.
Сонымен қатар палата мүшесі «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасының кейбір тармағын орындаудың өзектілігі мен орындылығына талдау жүргізілмеген. Мәселен, Цифрлық даму министрлігінің бюджеттік бағдарламасы бойынша интернет жылдамдығы кемінде 20 Мбит/с болатын мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын іске асыру көзделген. Бұл ретте Ұлттық жоба бойынша азаматтарды кемінде 100 Мбит/с жылдамдықтағы интернетке қосумен қамтамасыз ету жоспарланған. Бұндай сәйкессіздік жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізуге әсер етуі мүмкін.