2025 жылы тұтынушылардан түскен өтініштер саны 134 пайызға артқан

АСТАНА. KAZINFORM — Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті 2025 жылы азаматтардың өтініштерін қарау және бұзылған тұтынушылық құқықтарды қалпына келтіру бойынша кешенді жұмыс жүргізді.

Германияда тұтынушылардың сенім индексі жұмыс орындарының қысқару қаупіне байланысты төмендеген
Фото: reuters.com

Комитеттің мәліметінше, аталған қызмет ҚР заңнамасына сәйкес жүзеге асырылып, тұтынушылардың құқықтарын қорғау деңгейін арттыруға, кәсіпкерлік субъектілері тарапынан құқық бұзушылықтардың алдын алуға және ең проблемалы салаларда бақылауды күшейтуге бағытталған.

- 2025 жылдың 12 айында комитетке және оның аумақтық департаменттеріне барлығы 83 801 өтініш келіп түсті. Бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 134 пайызға артық (2024 жылы – 62 561 өтініш). Қабылданған шаралардың нәтижесінде тұтынушыларға 2,804 млрд теңге қайтарылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 135,6 пайыздық өсімді көрсетеді (2024 жылы – 2,067 млрд теңге).

Түскен өтініштердің 37,6 пайызы қанағаттандырылды, 32,7 пайызы түсіндірме беру арқылы шешілді, 22,9 пайызы құзыретті мемлекеттік органдарға жолданды. Сонымен қатар өтініштердің 4,2 пайызы өтініш берушілер тарапынан кері қайтарылса, 2,6 пайызы қаралу сатысында қалды. 156 өтініш бойынша талап-арыздық жұмыс жүргізілді, - делінген хабарламада.

Жүргізілген талдау нәтижесінде тұтынушылардың құқықтары көбіне бөлшек сауда, электрондық сауда, тұрмыстық қызметтер және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларында бұзылатыны анықталды.

Атап айтқанда, бөлшек сауда саласына 35 159 өтініш түскен, бұл барлық шағымдардың 42 пайызын құрайды. Электрондық сауда бойынша 18 237 өтініш тіркелген. Тұрмыстық қызметтерге қатысты 6 220, ал тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы бойынша 4 835 өтініш келіп түсті.

Сондай-ақ қоғамдық тамақтандыру, білім беру, туристік, байланыс, көлік, қаржылық және медициналық қызметтерге қатысты шағымдар саны да айтарлықтай артқаны байқалады. Әуе тасымалы саласы бойынша керісінше, өтініштер саны өткен жылмен салыстырғанда 55 пайыздан астамға төмендеген.

Комитеттің аумақтық департаменттері тұтынушылардың құқықтарын бұзған кәсіпкерлік субъектілерін әкімшілік жауапкершілікке тарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. 2025 жылы 1 459 тексеру жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша 1 125 кәсіпкерлік субъектісі жалпы сомасы 37,4 млн теңгеден астам айыппұлға тартылды. Сонымен қатар 335 кәсіпкерлік субъектісіне ескерту түріндегі әкімшілік шара қолданылды.

Айта кетейік, Қызылордада тұтынушылардан түсетін арыз-шағым 2,1 есе көбейді.

Соңғы жаңалықтар