2025 жылы Ұлттық қор активтері 62,2 млрд долларға жетеді – Нұрлан Байбазаров

АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жылы Ұлттық қор активтері 62,2 млрд долларға жетеді. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров айтты. 

2025 жылы Ұлттық қор активтері 62,2 млрд долларға жетеді – Нұрлан Байбазаров
Фото: Primeminister.kz

«Сіздердің қарауларыңызға «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2025-2027 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» Заң жобасы енгізіледі. Онда мұнайдың кесімді бағасы 2025 жылы барреліне 42,3 АҚШ доллары, 2026-2027 жылдары барреліне 41,0-39,4 АҚШ доллары деңгейінде белгіленді. Осыны ескере отырып, 2025-2027 жылдары республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферттің мөлшері жыл сайын 2 трлн теңге көлемінде айқындалды», - деді Нұрлан Байбазаров. 

Оның атап өтуінше, Ұлттық қордың таза валюталық активтері 2025 жылы 62,2 млрд АҚШ доллары және 2026-2027 жылдары 69,9-78,7 млрд АҚШ доллары көлемінде болжанады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Көлік министрлігі жолаушы тасымалындағы вагон мәселесіне түсінік бергенін жазған едік.