2025 жылдан арнаулы әлеуметтік қызметтердің жан басына шаққандағы нормативтері енгізіледі
АСТАНА. ҚазАқпарат – 2025 жылдан арнаулы әлеуметтік қызметтердің жан басына шаққандағы нормативтері енгізіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Әлеуметтік кодексте арнаулы әлеуметтік қызметтердің жан басына шаққандағы нормативтерін 2025 жылдан бастап енгізу қарастырылған. Мұндай өзгеріс әлеуметтік салада алғаш рет енгізілетіндігін ескеріп, пилотты түрде бастауды жөн көрдік. Шілде айынан бастап 7 өңірде сыйымдылығы 50 баладан аспайтын шағын жинақты үйлерде арнаулы қызмет көрсету пилоттық жобасы іске асырылатын болады», – деді Тамара Дүйсенова.
Министр соңғы уақытта сапалы техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз ету мәселесі жиі көтеріліп келе жатқанын атап өтті.
«Бұл мәселені шешудің 2 жолын қарастырып отырмыз. Біріншісі – балалардың оңалту құралдарына қол жеткізуіне мүмкіндік беретін «Техникалық оңалту құралдары инновациялық фабрикасы» жобасы биыл басталады. Бұл жоба Қазақстан халқына қорымен бірлесіп қолға алынады. Екіншісі – техникалық оңалту құралдарының классификаторы толығымен қайта қаралды. Құралдар әрбір азаматтың жеке қажеттіліктеріне қарай берілетін болады. Бұл жобалар тараптардың пікірін ескере отырып, жыл соңында тәжірибе жүзінде енгізіледі», - деді ол.