2025 жылдан бастап кедейлік шегі орташа табыс деңгейі бойынша есептеледі
«2023 жылы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасы бойынша кедейлік шегі мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға жүгінген тоқсанның алдындағы тоқсанға есептелген ең төмен күнкөріс деңгейінің 70 пайызы мөлшерінде бекітілсін. 2025 жылы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға жүгінген тоқсанның алдындағы тоқсанға есептелген медиандық табысының (орташа табыс - автор) 50 пайызы мөлшерінде айқындалады», - делінген құжатта.
Бұйрыққа сәйкес, қазір кедейлік шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-на тең. Демек, қазір күнкөріс деңгейі 40 565 теңге болса, оның 70 пайызы – 28 397 теңге.
Еске салайық, бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова кедейлік шегі орташа табыс деңгейі арқылы анықталатынын мәлімдеген еді. Оның айтуынша, бұл өзгерісті енгізу алдында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының тәжірибесі зерделенген. Осы ұйымға енетін 8 мемлекет кедейлік шегін медиандық табыс деңгейі арқылы айқындайды.
Қоса кетейік, Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, былтыр II тоқсанда іріктемелі зерттеу нәтижесі бойынша кедейлік деңгейі 5,1% болған. Бұл – 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,3 пайызға жоғары.