2025 жылға дейін еліміздің машина жасау саласында 14 жаңа жоба қолға алынбақ

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның машина жасау саласында 2025 жылға дейін 160 млрд теңгеге жаңа 14 жобаны іске асыру жоспарда бар. Бұл туралы Қазақстан машина жасаушылар одағының атқарушы директоры Өмірсерік Ержанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Биыл 8 айында машина жасау көлемі өткен жылмен салыстырғанда 24% өсіп, 1,4 трлн теңгені құрады. Жыл соңына дейін бұл сома 2 трлн теңгеден асып түседі деп болжап отырмыз. Машина жасау көлемінің артуына қатысты ішінара тоқталсақ, ауыл шаруашылығы машинасын жасау – 300%-ға, теміржол – 45%-ға, электротехникалық – 28%-ға, тау-кен металлургиясы және мұнай-газ саласы – 11%-ға өскені байқалады. Жалпы машина жасау технологиялық тұрғыдан ең күрделі салалардың бірі», - деді Өмірсерік Ержанов.

Оның айтуынша, бүгінде елімізде 3 мыңнан астам машина жасайтын кәсіпорын бар және онда 119 мыңға жуық адам жұмыс істейді.

«Жалпы аталған саланы индустрияландырудың соңғы 10 жылында 400 млрд теңгенің 135 жобасы жүзеге асырылды. 2025 жылға дейін 160 млрд теңгеге тағы 14 жобаны іске асыру жоспарда бар. Биылғы форум негізінде әзірленген ұсынымдар Мемлекет басшысының Жолдауындағы тапсырмаларды іске асыру аясында болады. Яғни ұлттық экономиканы жаңғыртып, инвестициялық, өндірістік және экспорттық әлеуетті арттыруға бағытталады», - дейді ол.

Айта кетсек, кешеден бері елордадағы ЕХРО халықаралық көрме кешенінде Қазақстан машина жасаушыларының ІХ форумы өтіп жатыр.

Екі күнге жоспарланған шараның пленарлық отырысына ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр қатысып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаетың құттықтау сөзін оқып берді.

Сондай-ақ, форум аясында панельдік пікірталастар мен түрлі форматтағы кездеулер өтіп жатыр.


Соңғы жаңалықтар