2025 жылға қарай Қазақстанда республикалық жолдардың 30 пайызы ақылы болады
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2025 жылға қарай Қазақстанда республикалық жолдардың 30 пайызы ақылы болады. Бұл жайында Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі ведомствоаралық мемлекеттік комиссияның отырысында ҚР Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Жеңіс Қасымбек айтты.
«2025 жылға қарай ақылы жолдардың көлемін шамамен 7 мың шақырымға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Яғни, республикалық жолдардың 30 пайызы ақылы болады», - деді ол.
Ж.Қасымбектің атап өтуінше, ақылы «Астана-Щучье» авто жолы өткен жылы 1,3 млрд. теңге кіріс алған. Ал сол жолды күтіп ұстауға 1 млрд. теңге қажет.
«Яғни, жол өзін ақтап отыр. Бұл нормативтерге толығымен сай өзін өзі қамтамасыз етіп отырған жалғыз жол. Басқарушы компания артылған ақшаға аталған жолды күтіп ұстауға қажетті техника сатып алуды жоспарлап отыр», - деді бірінші вице-министр.
Оның алға тартқан деректеріне сәйкес, алдағы уақытта «Астана-Қарағанды», «Алматы-Қапшағай» және «Астана-Павлодар» жолдары ақылы болады.