2025 жылы 4 мың шақырым автожол ақылы болады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2025 жылдың соңына дейін 4 мың шақырым жолға ақылы жүйе енгізіледі. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2025 жылы 4 мың шақырым автожол ақылы болады

Оның айтуынша, ақылы төлем жүйесі реконструкцияланған жолдарды нормативтік жағдайда күтіп-ұстау шығындарын толық көлемде өтеуге және республикалық бюджетке жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

«Ақылы жол реконструкциялау немесе жол-жөндеу жұмыстарынан кейін енгізіледі. Бұл жол қауіпсіздігі мен оның қолайлылығын қамтамасыз етеді. Жолдарға жұмсалған шығынды одан әрі өзін-өзі ақтау мақсатында ұзындығы 2500 шақырым екінші санаттағы автожол учаскелерінде қоғамдық пікірді ескере отырып және оларды нормативтік жағдайға келтіргеннен кейін ақылы төлем жүйесін енгізу қарастырылып жатыр», - деді Қайырбек Өскенбаев Үкімет отырысында.

Жалпы «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасына сәйкес, 2025 жылдың соңына дейін ұзындығы 4 мың шақырым бірінші және екінші санаттағы автожолдар учаскелерінде қосымша ақылы жолдар енгізу көзделген.

Еске сала кетсек, 2021 жылы еліміздегі ақылы жолдардан 8 млрд теңге қаржы түскен. Бұл қаржы сол жолдарды күтіп баптау мен сапасын арттыра түсуге жұмсалады.