2025 жылы Алматы көшелеріне 100% жарық тартылады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев көшелерді жарықтандыру бойынша қандай мәселе туындағанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2025 жылы Алматы көшелеріне 100% жарық тартылады

Өз сөзінде әкім өткен жылдың басында қызметке келгенде көшелерді жарықтандыру жүйесі өте нашар жағдайда болғанын айтты.

«Өткен жылы біз «Алматы Қала Жарық» мекемесін коммуналдық меншікке қайтаруға көп уақыт жұмсадық. Біз оны қайтардық, қаланы жарықтандыруды дамытудың арнайы бағдарламасын дайындадық. 2025 жылдың соңына дейін қаланы 100 пайыз жарықпен қамту көзделген», - деді Е. Досаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Қала әкімінің мәліметінше, жыл басынан бері 511 жарықтандырылмаған көшеде жұмыстар аяқталды, 210 шақырым кабель тартылды, 6900-ге жуық жаңа жарық нүктелері салынды.

Бүгінгі таңда жөндеу жұмыстары аяқталып қалды.

Әкім Наурызбай және Әуезов аудандарында пилоттық режимде шамдар жаңғыртылып, өзгертіліп жатқанын айтты.

Бірақ қала үшін ең маңызды қатер – сыртқы жарықтандыруды басқару шкафтары (ШУНО) болған.

«Кезінде көше жарығын басқару бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шарты жасалғанда ШУНО-ны жаңғырту қарастырылмаған. Бізде 1600-ден астам шкаф бар, бұл - ең маңызды құралдар. Сіздер қаланы аралап жүргенде бағананың өзін көресіздер, ал төменде осындай қорапша болады. Бұл өте маңызды, өйткені ол бірнеше жарық нүктесін басқарады, олардың тұрақты жұмысын қамтамасыз етеді. Онда түсті металдар бар, сондықтан жиі шабуыл жасалады, ұрланады. Олардың бәрі ескірген. Қазір бағдарлама әзірлеп, биыл 600-ге жуық шкафты ауыстырамыз деп үміттенеміз», - деп түсіндірді Ерболат Досаев.