2025 жылы елімізде 4 мың МВт жаңартылатын энергия өндіріледі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2025 жылы елімізде 4 мың МВт жаңартылатын энергия өндіріледі. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2025 жылы елімізде 4 мың МВт жаңартылатын энергия өндіріледі

«Электр энергиясын тұтынудың өсуін ескере отырып, экологиялық маневрлік қуаттарды дамыту мемлекеттің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің қажетті шарты саналады. Үкімет «Самұрық-Қазынамен» бірлесіп, бу-газ қондырғыларын салу жобалары бойынша бірлескен жұмыс жүргізуде және 2026 жылға қарай еліміздің оңтүстігінде шамамен 3 мың МВт қуаттылықты іске қосу күтілуде», - деді ол Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның атап өтуінше, соңғы жылдары әлемдік тәжірибені ескере отырып, жаңартылатын энергия көздері секторындағы инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша нақты қадамдар жасалды.

«Мемлекет экономиканы декарбонизациялауға бағытталған белсенді саясат жүргізуде. Қазіргі уақытта елімізде шамамен 2 мың МВт жаңартылатын энергия өндіріледі. 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 2 есеге артып, 4000 МВт құрайды. Бұл ЖЭК үлесінің 6 пайызын жоспарлы мақсатты индикатормен қамтамасыз етеді», - деді Роман Скляр.