2025 жылы жасы 60-тан асқан азаматтар саны екі есеге артады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлем бойынша қарт адамдар саны артып келеді. Алайда, бұл адамдардың қарттарға деген құрметі де арта түсуде дегенді білдірмейді. Халықаралық Қарттар күні мерекесінің қарсаңында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлемнің 57 мемлекетінен 83 мың адам қатысқан сауалнаманың нәтижелерін жария етті.
Сауалнамаға қатысқан респонденттердің 60 пайызы адамдардың жоғары буын өкілдеріне сый-құрмет таныта бермейтіндіктерін айтты. Бұл әсіресе халықтың әл-ауқаты жақсы мемлекеттерде ерекше байқалуда.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілі доктор Джон Бирд қарт адамдарға қатысты қалыптасып қалған жаттанды ұғымдар кең таралғанын, алайда, ол туралы елдің барлығы көп ойлана бермейтінін айтады.
Бүгінде нәсілі мен жынысына қатысты кемсітушілікті қоғам қабылдамайды. Ал, жас ерекшелігіне келгенде бұл мәселеде көзқарас қалыпты. Адамдар бұл мәселені соңғы уақытта айқын сезіне бастады. Дегенмен, проблеманың қаншылықты ауқымды екендігін сезінбейді.
2025 жылы 60-тан асқан азаматтар саны екі есеге артады. Ал, ғасырдың ортасына таман 2 миллиардқа жетеді. Міне, сондықтан да Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қартаю проблемасына халықтың назарын аудару мақсатында жыл сайын Халықаралық қарттар күнін атап өтеді.