2026 жылдан азот тотығын заңсыз пайдалануды анықтау үшін тексеру жүргізіледі
АСТАНА. KAZINFORM – 2026 жылдан бастап азот тотығын заңсыз пайдаланатындарды анықтау үшін мекемелерде тексеру жүргізіледі. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-Министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.

— 2023 жылдан бастап азот тотығы адам өмірі мен денсаулығына зиянды әсерін тигізетін, күшті әсер ететін заттардың тізбесіне енгізілген. Бүгінде күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымы және олармен жұмыс істеу қағидаларын бұзғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартуға қатысты Заң («Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне есірткі, психотроптық заттардың, сол тектестердің, прекурсорлардың және күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы) қабылданған. Ол 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Осылайша, қолданыстағы заңнама аясында азот тотығының заңсыз айналымы үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік шаралары қарастырылған, — деді Үкімет басшысы жауабында.
Оның атап өтуінше, 2026 жылдан бастап құқық қорғау органдарының жедел іздестіру іс-шаралары аясында азот тотығын заңсыз пайдалану тұрғысынан мекемелерді тексеру жүзеге асырылды.
— Қазіргі уақытта өңірлерде халықпен есірткіге қатысты құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік көзқарасын қалыптастыру және қабылданған Заңның новеллалары бойынша түсіндіру жұмыстары белсенді жүзеге асырылуда, — деді Олжас Бектенов.
Бұған дейін Қызылорда облысында полицейлер түнгі клубта адамды есеңгірететін азот оксидін сату дерегін анықтағанын жазған едік.