2026 жылға 567 млрд теңгеге дәрілік заттар сатып алынды - «СҚ-Фармация»
АСТАНА. KAZINFORM – 2026 жылға арналған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алу науқаны аясында медициналық ұйымдар жалпы сомасы 567 млрд теңгеден астам қаражатқа өтінім берген. Бұл туралы «СҚ-Фармация» ЖШС ұйымдастырған брифингте басқарма төрағасы баяндады.
Оның айтуынша, келесі жылға медициналық ұйымдар тарапынан 2111 атаудағы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға өтінім түскен. Соның негізінде 2038 атау бойынша сатып алу жоспарланып, қазіргі таңда оның 71 пайызы сатып алынған.
– 2026 жылға жоспарланған сатып алулардың жалпы сомасы 559,1 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде 1442 атау сатып алынды, 1349 атау бойынша шарттар жасалды. Бұл – сатып алу процесінің негізгі бөлігі уақтылы аяқталғанын көрсетеді, – деді «СҚ-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы Нұрлыбек Асылбеков.
Сонымен қатар, ол міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясындағы шығындардың 2025 жылмен салыстырғанда төрт есеге артқанын, ал тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ГОБМП) бойынша сатып алу көлемінің 28 пайызға төмендегенін атап өтті. Бұл өзгерістер қызмет пакеттерінің қайта бөлінуімен және бірқатар дәрілік заттардың бірыңғай дистрибьютор тізбесінен шығарылуымен байланысты.
Қазіргі таңда 596 атаудағы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар сатып алу процесінде тұр. Жеткізу жұмыстары 5 қаңтардан бастап еліміздің медициналық ұйымдарына кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.
Оның айтуынша, 2026 жылғы сатып алу науқаны аясында 320-дан астам дәрілік зат делдалдардың қатысуынсыз, отандық және шетелдік өндірушілерден тікелей сатып алынбақ. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылдармен салыстырғанда екі есеге артқан.
Айта кетейік, Қаржылық мониторинг агенттігі «СҚ-Фармация» компаниясына қатысты бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатқаны жайлы жазған едік.