2026 жылғы әлем чемпионатына қатысатын құрамалар қанша сыйақы алады
АСТАНА. KAZINFORM – Халықаралық футбол қауымдастықтары федерациясы (FIFA) 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының қорытындысы бойынша командаларға берілетін сыйақы көлемін жариялады.
Ресми мәліметке сәйкес, әлем чемпионы атанған құрама 50 млн доллар алады. Ал финалда жеңілген командаға 33 млн доллар беріледі.
Қола жүлдеге ие болған құрама 29 млн доллар иеленсе, төртінші орын алған командаға 27 млн доллар төленеді.
Сондай-ақ турнирді төменгі орындарда аяқтаған құрамаларға да сыйақы қарастырылған:
* 5–8 орындар – 19 млн доллар;
* 9–16 орындар – 15 млн доллар;
* 17–32 орындар – 11 млн доллар;
* 33–48 орындар – 9 млн доллар.
Бұдан бөлек, FIFA әлем чемпионатына қатысатын 48 құраманың әрқайсысына ұйымдастыру шығындарын өтеу үшін 1,5 млн доллардан бөледі.
2022 жылы Қатарда өткен әлем чемпионатымен салыстырғанда жүлде қоры ұлғайып отыр.
Мәселен, 2022 жылғы әлем чемпионы Аргентина құрамасы FIFA-дан 42 млн доллар алған. Ал финалға дейін жеткен Франция құрамасына 30 млн доллар төленген.
Қола жүлдегер атанған Хорватия құрамасы 27 млн доллар иеленсе, төртінші орын алған Марокко құрамасы 25 млн доллар алған болатын.
Еске салайық, бұған дейін биылғы футболдан әлем чемпионаты туралы негізгі деректер туралы жазғанбыз.