2026 жылғы жалақы: қай мамандық иелері қанша алады

АСТАНА. KAZINFORM —  2026 жылғы сәуірде Ұлттық статистика бюросы қызметкерлердің есептелген жалақы мөлшері бойынша бөлінісіне жыл сайынғы зерттеу жүргізді. 

деньги
Фото: pexels

Зерттеуге сәуір айында толық жұмыс істеген қызметкерлер қамтылды. Деректерге қосымша ақылар, үстемеақылар, сыйақылар, салықтар және зейнетақы аударымдары кіреді.

Іріктемелі зерттеу қорытындысы бойынша ұйымдар мен кәсіпорындардағы қызметкерлер саны 3 378,6 мың адам. Оның ішінде ерлердің үлесі — 48,1% (1 626,4 мың адам), ал әйелдер — 51,9% (1 752,2 мың адам).

2026 жылы қызметкерлердің жалақы мөлшері бойынша бөлінісінде жоғары жалақы санаттарына ауысу үрдісі жалғасты.

2026 жылғы жалақы: қай мамандық иелері қанша алады
Фото: Ұлттық статистика бюросы

Жалақысы:

— 100 мың теңгеге дейінгі қызметкерлердің үлесі 3,3%-дан 2,3%-ға дейін төмендеді (-1,0 п. т.);

— 100 мыңнан 300 мың теңгеге дейінгі қызметкерлердің үлесі 43,0%-дан 39,3%-ға дейін төмендеді (-3,7 п. т.);

— 300 мың теңгеден жоғары жалақы алатын қызметкерлердің үлесі 53,7%-дан 58,4%-ға дейін өсті (+4,7 п. т.).

2026 жылғы зерттеу қорытындысы бойынша бірқатар кәсіптер топтарында орташа айлық атаулы жалақы мөлшері өсті. 2025 жылмен салыстырғанда жалақының ең жоғары өсімі өнеркәсіп, құрылыс, көлік және басқа да сабақтас кәсіптердің жұмысшыларында (13,1%), сондай-ақ өндірістік жабдық операторлары, құрастырушылар мен жүргізушілерде (10,4%) тіркелді.

Өндіріс, көлік, ауыл шаруашылығы және қызмет көрсету салаларының қызметкерлерін қоса алғанда, барлық кәсіптік топта атаулы жалақының оң динамикасы байқалды.

2026 жылғы жалақы: қай мамандық иелері қанша алады
Фото: Ұлттық статистика бюросы

Жекелеген кәсіптер мен лауазымдар бойынша жалақы

2026 жылы қызметкерлердің орташа айлық есептелген жалақысы атқаратын кәсібі мен лауазымына қарай ерекшеленді. Ұйым басшыларының орташа айлық жалақысы 1 101,1 мың теңге.

— Инженерлік-техникалық мамандар арасында инженерлердің жалақысы 702,0 мың теңге, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі инженерлердің жалақысы 645,0 мың теңге, инженер-технологтардың жалақысы 617,0 мың теңге, инженер-энергетиктердің жалақысы 615,1 мың теңге, ал техниктердің жалақысы 314,7 мың теңге.

Денсаулық сақтау саласында дәрігерлердің орташа айлық жалақысы 491,4 мың теңге, фармацевтердің жалақысы 347,7 мың теңге, фельдшерлердің жалақысы 313,6 мың теңге, мейіргерлердің жалақысы 264,6 мың теңге.

Басқа кәсіптер арасында бухгалтерлердің орташа айлық жалақысы 398,6 мың теңге, автомобиль жүргізушілерінің жалақысы 328,1 мың теңге, аспаздардың жалақысы 192,6 мың теңге, күзетшілердің жалақысы 174,2 мың теңге, — делінген Ұлттық статистика хабарламасында.

Айта кетелік ең төменгі жалақы қашан көтерілетіні туралы жазған едік.