2026 жылы әлем халқы 690 млн мәрте саяхатқа шыққан

АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылдың бірінші жартысында әлем бойынша туристік саяхаттар саны 0,4%-ға өсіп, шамамен 690 миллион сапарға жетті.

Узбекистан намерен привлечь больше туристов из Индии
Фото: Kazinform/ЖИ

Геосаяси тұрақсыздыққа, мұнай бағасының жоғары болуына және инфляция қысымына қарамастан, халықаралық сапарлар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 3 миллионға өскен.

БҰҰ Дүниежүзілік туризм ұйымының (UN Tourism) соңғы Әлемдік туризм барометріне сәйкес, жылдың бірінші жартысында ең жоғары өсу қарқыны Африкаға тиесілі — 4%, Еуропа елдері 3%-ға көп саяхаттаған. Америкада халықаралық сапарлар 2%-ға, ал Азия және Тынық мұхиты аймағында 1%-ға өсті. Ал, Таяу Шығыста бұл көрсеткіш аймақтағы қақтығыс салдарынан 22%-ға төмендеді.

UN Tourism қақтығыс салдарынан туындаған әуе қатынасындағы үзілістер біртіндеп азайып келе жатқанын атап өтеді. Жағдай әсіресе Таяу Шығыста мамыр мен маусым айының басында айтарлықтай жақсарған, атыстың тоқтауы бірқатар әуе бағдарының қайта жандануына мүмкіндік берді. Дегенмен, тұтынушы көңіл күйінің қалпына келуі барлық елде біркелкі емес.

Туризм сарапшылары жүргізген соңғы сауалнамаға сәйкес, 2026 жылы халықаралық туризмнің өсуіне кедергі келтіретін негізгі факторлар — мұнай бағасының құбылмалы болуы, инфляция сияқты экономикалық алғышарттар және көлік, тұру шығындарының жоғары екендігі анықталған.

Дегенмен, сарапшылар қыркүйектен желтоқсанға дейінгі кезеңде аздап өсім байқалатынын болжап отыр. Сауалнамаға қатысқандардың шамамен 45%-ы халықаралық туризм көрсеткіштері 2025 жылдың соңғы 4 айымен жақсарады деп күтеді, оның ішінде 4%-ы тіпті айтарлықтай жақсаратынына сенім білдірген. Тағы 34%-ы көрсеткіштердің өзгеріссіз қалатынын болжаса, 21%-ы нашарлайды деген ойда.

Соңғы деректерді және әлі күнге жалғасып отырған геосаяси тұрақсыздықты ескере отырып, UN Tourism 2026 жылға арналған халықаралық туристік сапарлардың өсуіне қайта болжам жасады. Қаңтар айындағы есепте 4% өсім болады деп болжаған Ұйым ендігі таңда 1-2% өсімнен үміт етеді.

UN Tourism нақты жағдай Таяу Шығыстағы қақтығыстың ұзақтығына, оның мұнай бағасы мен жалпы инфляцияға әсеріне тәуелді екенін ескертеді.

Еске сала кетейік, Air Astana Дубайға рейстерді қайта бастауды жоспарлап отыр.

Нұрлан Тұяқов