2026 жылы Қазақстанның 11 ескерткішін ЮНЕСКО тізіміне енгізу жоспарланып отыр

АСТАНА. KAZINFORM — Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева тарихи-мәдени мұраларды сақтауға жергілікті билік құлық танытпай отырғанын сынға алды.

 «Бекет-Ата» жерасты мешіті
Фото: Маңғыстау облысының әкімдігі

— Біз өз тарапымыздан жергілікті әкімдіктерге бірнеше рет хат жолдап, тарихи-мәдени мұраларымызды сақтауға қатысты ұсыныстарымызды жібердік. Алайда кейбір жергілікті атқарушы органдар бұл мәселеге жіті назар аудармай отыр. Осы орайда, министрлік жүйелі шараларды қамтитын 3 бағыттағы жоспар жобасын жасап, мемлекеттік органдармен келісіп, Үкімет қарауына ұсынуға дайын, — деді Мәдениет министрі Үкіметтің бүгінгі отырысында. 

Бұл жоспар жергілікті әрі халықаралық деңгейде әртүрлі жұмыстарды ұйымдастыруға негізделген. Ондағы бірінші бағыт — ЮНЕСКО қорғауындағы ескерткіштермен кешенді жұмыс жүргізу. Бұл бағытта басым мәселелер қатарына ЮНЕСКО стандарттарын сақтау, қорғалатын және заманауи буферлік аймақтарды мониторингілеу технологияларын енгізу, Бүкіләлемдік мұра тізіміндегі 3 номинацияны (10 ескерткіш) басқарудың менеджмент-жоспарын әзірлеу бар.

— Президент тапсырмасына сәйкес, 2025 жылдың қаңтарында ЮНЕСКО қарауына екі номинациялық құжат жолданды. Олар — «Маңғыстау жерасты мешіттері» және Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстанмен бірлесіп дайындалған «Жібек жолы. Ферғана-Сырдария дәлізі» трансұлттық номинациясы. Халықаралық регламенттерді ескере отырып, 2026 жылы ЮНЕСКО тізіміне 11 жаңа қазақстандық ескерткішті енгізу мақсатында тиісті жұмыстар жүріп жатыр, — деді А. Балаева.

Жақында ғана «Беташар» рәсімінің мәдени маңыздылығы халықаралық деңгейде танылды. Таяуда «Салбурын» мен «Алпамыс батыр» номинациялары бойынша құжаттар әзірленіп, ЮНЕСКО қарауына ұсынылды

Оған қоса, Қызылордадағы 3 тарихи-мәдени нысан ЮНЕСКО тізіміне енуі мүмкін.

Бұған дейін Мәдениет министрі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңында келісілмеген құрылыс тоқтамай тұрғанын айтқан еді.

Сонымен бірге, министр Джей Ло концертіне қуана-қуана баратынын, шетелдік жұлдыздар концерттерін ұйымдастыратын кәсіпкерлерге барынша қолдау көрсетілетінін айтты.

Соңғы жаңалықтар