2026 жылға дейін негізгі капиталға инвестициялар 34,6 трлн теңгеге жетеді – министрлік

АСТАНА. ҚазАқпарат – 2026 жылға қарай негізгі капиталға түсетін инвестициялар 34,6 трлн теңгеге жетеді. Мұндай болжам Ұлттық экономика министрлігінің ашық талқыға шығарған Қазақстан Республикасының Инвестициялық саясатының 2026 жылға дейінгі даму тұжырымдамасында жасалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2026 жылға дейін негізгі капиталға инвестициялар 34,6 трлн теңгеге жетеді – министрлік

«Болжам бойынша 2026 жылға қарай негізгі капиталға түсетін инвестициялар 34,6 трлн теңгеге дейін жетеді», - делінген құжат жобасында.

Ұсынылған кестеге сәйкес, негізгі капиталға инвестиция 2022 жылы – 15,9 трлн теңге, 2023 жылы – 18,5 трлн теңге, 2024 жылы – 22,1 трлн теңге, 2025 жылы – 27,7 және 2026 жылы 34,6 трлн теңгеге дейін артады. «Тұжырымдамада қамтылған қағидаттар мен ҚР инвестициялық саясатын іске асыру тәсілдерін толық көлемде жүзеге асыру 2026 жылға қарай мынадай нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді:

- өңдеу өнеркәсібінің негізгі капиталына инвестициялар үлесін негізгі капиталға инвестициялардың жалпы көлемінен 13 % дейін ұлғайту (2020 жылы 8,8 %, 2021 жылы 11,7 %);

- экономиканың шикізаттық емес секторларына инвестициялар үлесін негізгі капиталға инвестициялардың жалпы көлемінен 60 % дейін ұлғайту (2020 жылы 44 %, 2021 жылғы қаңтар-шілдеде 48 %);

- өңдеу өнеркәсібіне тікелей шетелдік инвестиция (ТШИ) үлесін Қазақстан Республикасындағы ТШИ жалпы құйылуының 30 % дейін ұлғайту (2019 жылы 14,2 %, 2020 жылы 18,5 %);

- «жасыл» экономиканы дамытуға бағытталған инвестициялардың 2019 жылғы деңгейге қарағанда 3 есе артуы (2019 жылы 163 млрд теңге, 2020 жылы 120 млрд теңге);

- өңдеу өнеркәсібіндегі негізгі құралдардың тозуын 33 % дейін төмендету (2019 жылы 36,5 %, 2020 жылы 39,2 %);

- экономиканың басым секторларына тартылған трансұлттық компаниялардың, ірі компаниялар мен «зәкірлік инвесторлармен» бірлескен кәсіпорындар саны – 20-дан астамды құрайды (2022 – 2026 жылдар);

- әрбір 10 мың адамға шаққанда 100 жұмыс орнын құру.

Тұжырымдамадағы өзгертулерге сәйкес, тікелей шетелдік инвестиция тартуға жауапты мекемелер қатарынан таяуда таратылған «Зерде» ұлттық холдингі алынып тасталған. Оның орнына Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі, Ұлттық статистика бюросы және «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы қосылған.



Фото: vladmama.ru