2026 жылға қарай тозған инженерлік жүйелер 45 пайызға дейін азаяды – ҚР ИИДМ

АСТАНА. ҚазАқпарат – 2026 жылға қарай еліміздегі тозған инженерлік жүйелер 45 пайызға дейін азаяды. Еліміздегі инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның қазіргі жай-күйі ҚР Парламент Сенатының «Өңір» депутаттық тобының отырысында талқыланған.

2026 жылға қарай тозған инженерлік жүйелер 45 пайызға дейін азаяды – ҚР ИИДМ

Басқосуға орталық атқарушы орган өкілдері, «Qazaq Gaz» АҚ, «KazTransOil» АҚ және «KEGOC» АҚ өкілдері қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚР ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Тимур Қарағойшиннің айтуынша, бүгінде министрлік еліміздің сумен жабдықтау, су бұру және жылумен жабдықтау жүйелерін дамытудың үш негізгі бағыты бойынша жұмыс жүргізуде. Бұл орайдағы жұмыстар Мемлекет басшысының желілер мен қуаттардың тозуын қысқарту, сондай-ақ инновацияларды енгізу үшін пәрменді ынталандыруды әзірлеу туралы тапсырмасы шеңберінде жүзеге асырылуда.

Сонымен қатар спикер Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп жаңа тарифтік саясат шеңберінде желілердің тозу көрсеткішін 15 пайызға дейін төмендету бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Бұл тараптағы жұмыстар Мемлекет басшысының Жолдауындағы тапсырмаларды іске асыру тұрғысында қолға алынуда.

Жергілікті атқарушы органдардың деректеріне сүйенер болсақ, сумен жабдықтау және су бұру желілерінің жалпы ұзындығы шамамен 118,6 мың шақырымды құрайды. Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы шеңберінде 2026 жылға қарай желілердің тозуын 45 пайызға дейін төмендету жоспарлануда. Бұл межеге қол жеткізу үшін министрлік республикалық бюджеттен қаражат бөлудің екі тетігін іске асыруда.

Бірінші тетік несие алушы үшін қолайлы шарттармен бюджеттік кредиттеуді қарастырады (жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 0,01%; несиелеу мерзімі – 20 жылға дейін; негізгі борышты төлеу бойынша жеңілдікті кезең – 6 жыл; бюджеттік кредитті игеру кезеңі – 2 жыл).

Екінші тетік – жылумен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салуды, реконструкциялауды және жаңғыртуды субсидиялау. Субсидия инвестициялық жобаларды қаржы институттарының (Еуропалық Қайта Құру және даму банкі, Азия Даму Банкі және т. б.) қоса қаржыландыру шарттарына сәйкес беріледі.

Айта кетерлігі, аталған екі механизм арқылы 79 табиғи монополия субъектісі қаржыландырылмақ.


Басты фото: bazis.in.ua

Фото: gov.kz