2026–2027 оқу жылына арналған мектеп оқулықтарының жобасы талқылауға шығарылды
АСТАНА. KAZINFORM – 2026 - 2027 оқу жылында енгізілетін мектеп оқулықтарының жобалары Білім беру мазмұнын сараптау орталығының https://talqylau.bmso.kz сайтында қоғамдық талқылауға шығарылды, деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.
Оқулықтарды талқылау ««Оқу әдебиеттерін қоғамдық талқылау» бөлімінде келесі пәндер бойынша жүргізіледі:
• 4-сыныптарға арналған: «Қазақ тілі», «Орыс тілі» (қазақ тілінде оқытатын мектептер үшін), «Математика» (қазақ және орыс тілдерінде оқытатын мектептер үшін), «Дүниетану», «Әдебиеттік оқу»
• 7–10 сыныптарға арналған: «Дүниежүзі тарихы», «Алгебра», «Қазақ тілі», «Химия», «Биология», «Физика», «География», «Құқық негіздері», «Шетел тілдері» (ағылшын, неміс, француз тілдері) оқулықтарын қамтиды.
Қоғамдық талқылау онлайн форматта өткізіледі. Бұл педагогтерді, ғалымдарды, әдіскерлерді және мектеп оқулықтарының сапасына бейжай қарамайтын қазақстандықтардың қатысуына мүмкіндік береді.
Айта кетейік, қолданыстағы заңнамаға сәйкес оқулықтар бес сатылы сараптамадан өтеді: ғылыми-педагогикалық сараптама, пысықтау кезеңі, пилоттық мектептерде апробация, қоғамдық талқылау және пәндік сараптамалық комиссияның қорытындысы.
Қазіргі уақытта аталған оқулықтар қоғамдық талқылаумен қатар, еліміздің бірнеше өңірінде 34 пилоттық мектепте сынақтан өтіп жатыр.
Пәндік сараптамалық комиссияның шешімімен барлық кезеңнен өткен оқулықтар мектептерде қолдануға және Оқу-ағарту министрлігі бекітетін оқулықтар тізбесіне енгізуге ұсынылады.
Бұған дейін мектептерде жаңа оқулықтардың апробациясы басталатынын жазған едік.
Педагогтер оқулықтарды сараптауға шақырылады.
Соңғы 5 жылда оқулықтарды дүркін-дүркін өзгерту кесірінен ел экономикасына 16 млрд теңге шығын келген. Бұндай деректі жыл басында Жоғары аудиторлық палата келтірген еді. Жалпы мектеп оқулықтары не үшін жиі өзгереді? Биыл қай сыныптардың оқулығы жаңарды? Тақырыпты Kazinform агенттігі тілшісі тарқатты.