2027 жылдан бастап 1,8 млн қазақстандықтың жалақысы өзгереді

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Құрылтайының Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Ольга Перепечина 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап елде ең төменгі жалақы 110 мың теңгеге дейін көтерілетінін айтты. Бұл өзгеріс 1,8 миллион азаматқа әсер етеді. Оның сөзінше, жалақы өсімі инфляция мен коммуналдық тарифтердің қымбаттауы салдарынан құнсызданып кетпеуі тиіс.

Медианалық жалақы
Фото: Ұлттық статистика бюросы

Елорда әкімдігінің ресми сайтында хабарланғандай, елордадағы «Жансая» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында, № 70 мектеп-лицейде, Еңбек мобильділігі орталығында және № 6 қалалық емханада халықты әлеуметтік қорғау саласының өкілдерімен «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» тақырыбында кездесулер өтті. Кездесулерде әлеуметтік реформаларды іске асыру, ерекше қажеттіліктері бар адамдар мен аға буын өкілдерін қолдау, азаматтардың өмір сапасын жақсарту мәселелері қозғалды.

Астанада Президент Жолдауының негізгі міндеттері талқыланды
Фото: Астана әкімдігі

Ең төменгі жалақы 110 мың теңгеге дейін көтеріледі

Қазақстан Республикасы Құрылтайының Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Ольга Перепечина Президент бастамаларын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету Парламенттің міндеті екенін айтты. Оның сөзінше, реформаларды іске асыруға бюджет қаражатымен қатар квазимемлекеттік сектордың, екінші деңгейлі банктердің, даму институттары мен отандық бизнестің ресурстарын тарту қажет.

Ольга Перепечина
Фото: Астана әкімдігі

Ол мемлекеттік көмекті ең алдымен өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға бағыттау керектігін атап өтті. Сонымен қатар әлеуметтік реформалар халыққа қосымша кедергі тудырмауы тиіс.

Спикердің айтуынша, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеру көзделген. Бұл өзгеріс 1,8 миллион азаматқа, оның ішінде бюджет саласының 370 мың қызметкеріне әсер етеді.

Астанада Президент Жолдауының негізгі міндеттері талқыланды
Фото: Астана әкімдігі

Ольга Перепечина жалақының өсуі инфляция мен коммуналдық қызметтер бағасының қымбаттауына байланысты сезілмей қалмауы керектігін айтты. Осыған байланысты Үкімет пен әкімдіктер алдында азық-түлік бағасын тұрақтандыру және тариф саясатын реттеу міндеті тұр.

Астанада Президент Жолдауының негізгі міндеттері талқыланды
Фото: Астана әкімдігі

Әлеуметтік нысандарға 6,5 трлн теңге бағытталады

Кездесуде «Халықтық құрылыс» бағдарламасын іске асыру мәселесі де талқыланды. 2029 жылдың соңына дейін әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар салуға Ұлттық қордан 6,5 триллион теңге бағыттау жоспарланған.

Астанада Президент Жолдауының негізгі міндеттері талқыланды
Фото: Астана әкімдігі

Қаражатты бөлу кезінде өңірлердің қажеттілігі, демографиялық болжам және нысандарға ұзақ мерзімді сұраныс ескеріледі. Басым бағыттардың қатарында денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт және әлеуметтік инфрақұрылым, соның ішінде оңалту орталықтарын салу бар.

Астанада Президент Жолдауының негізгі міндеттері талқыланды
Фото: Астана әкімдігі

Сондай-ақ цифрлық қызметтерді пайдалану қиындық тудыратын егде жастағы азаматтар үшін мамандардың жеке қабылдауына барып, кеңес алу мүмкіндігін сақтау қажеттігі айтылды. Дербес деректерді қорғау мен цифрлық сауаттылықты арттыру да назардан тыс қалған жоқ.

Әлеуметтік көмек алушыларды 59 көрсеткіш бойынша бағалайды

Әлеуметтік көмек жүйесін реформалау мәселелері жөнінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Асқар Әбілдаұлы баяндама жасады.

Астанада Президент Жолдауының негізгі міндеттері талқыланды
Фото: Астана әкімдігі

Оның айтуынша, отбасылардың әл-ауқатын бағалаудың жаңа жүйесі алты бағыт бойынша 59 көрсеткішті қамтиды. Олардың қатарында:

  • табыс пен жұмыспен қамту;

  • көлік пен техниканың болуы;

  • бизнес активтері;

  • жылжымайтын мүлік пен жер учаскелері;

  • ауыл шаруашылығы техникасы мен мал саны;

  • несие жүктемесінің деңгейі бар.

Жаңа тәртіп бойынша отбасылар әлеуметтік-экономикалық жағдайына қарай санаттарға бөлінеді. Атап айтқанда, жан басына шаққандағы табысы жоғары, ірі бизнесі, қымбат көлігі немесе коммерциялық жылжымайтын мүлкі бар ауқатты отбасылар атаулы жәрдемақы алмайды.

Ал табысы төмен, жұмыссыз немесе әлеуметтік тұрғыдан осал отбасылар мемлекеттік қолдаудың барлық түрін алады.

Астанада Президент Жолдауының негізгі міндеттері талқыланды
Фото: Астана әкімдігі

Сонымен бірге қазіргі уақытта жәрдемақы алып жүрген соғыс ардагерлері, тыл еңбеккерлері, мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған көпбалалы аналар және басқа да азаматтар үшін төлемдер бұрынғы көлемінде сақталады.

Отбасылардың әлеуметтік жағдайы өзгерген жағдайда ақпараттық жүйелер төлемдерді қайта қарауға мүмкіндік береді. Егер қолдау алуға құқығы пайда болса, жәрдемақы автоматты түрде қайта тағайындалуы мүмкін. Ақпараттық жүйелердегі қателерді түзету тетіктері де қарастырылған.

Астанада Президент Жолдауының негізгі міндеттері талқыланды
Фото: Астана әкімдігі

Қоғамдық жауапкершілік пен отбасы құндылықтары

Республикалық Аналар кеңесінің төрайымы Назипа Шанай қоғамдық жауапкершілік, отбасының рөлі және адамгершілік құндылықтардың маңызына тоқталды.

Оның пікірінше, мемлекеттік бастамаларды жүзеге асыру қоғамдық әдепті, жеке жауапкершілікті және заңға құрметті нығайтумен қатар жүруі тиіс. Ол шағын және орта бизнесті қолдау заң талаптарын сақтау және кәсіпкерлік жауапкершілік қағидаттарымен ұштасуы керектігін атап өтті.

Астанада Президент Жолдауының негізгі міндеттері талқыланды
Фото: Астана әкімдігі

Кездесу барысында әлеуметтік саясаттағы өзгерістер мен Президент тапсырмаларын орындау жолдары талқыланды. Спикерлер реформалардың басты мақсаты – әр азаматқа әділ қолдау көрсетіп, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен лайықты өмір сапасын қамтамасыз ету екенін жеткізді.

Бұған дейін Мәскеуде Президенттің Қазақстан халқына Жолдауы талқыланғанын жаздық.