2027 жылдың соңына дейін екінші АЭС бойынша келісімге қол қойылмақ
АСТАНА. KAZINFORM — 2027 жылдың соңына дейін АЭС-тердің жеке қажеттіліктері үшін уранның мемлекеттік стратегиялық қоры қалыптастырылмақ. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлім етті.
— Энергетиканы дамыту бағыты аясында негізгі міндеттердің бірі — тұрақты энергия артықшылығын қамтамасыз ету. Жаңа электр станцияларын салу және қолданыстағы станцияларды жаңғырту, оның ішінде «таза» көмірлік генерацияны және электр беру желілерін дамыту жалғасады, — деді Серік Жұманғарин.
Бұл ретте сала үшін стратегиялық бағдар ретінде елдің 2035 жылға дейінгі бірыңғай ұзақ мерзімді энергетикалық теңгерім жаңартылады.
— Атом саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. 2027 жылдың соңына дейін АЭС-тердің жеке қажеттіліктері үшін уранның мемлекеттік стратегиялық қорын қалыптастыру және «Мойынқұм» АЭС бойынша Үкіметаралық келісімге қол қою жоспарланған. Сала үшін білікті кадрларды даярлау бойынша жүйелі жұмыс жүргізілетін болады, — деді министр.
Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев келер жылы «Балқаш» атом электр станциясының құрылысын бастауды, сондай-ақ «Мойынқұм» АЭС-інің құрылысын жеделдету үшін кешенді ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюды ұсынды.
Бұған дейін хабарланғандай, елімізде салынатын екінші АЭС-ке Мойынқұм атауы беріледі.