2027 жылы барлық ауылдағы мобильді байланыс сапасы тексеріледі

АСТАНА. KAZINFORM — Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев айтты.

2027 жылы барлық ауылдағы мобильді байланыс сапасы тексеріледі
Фото: Kazinform/ЖИ

Оның айтуынша, 2024–2025 жылдары мобильді байланыс кезіндегі 1 052 «ақ дақ» анықталды. Оның 213-інде мəселе осы күнге дейін шешілмеген.

— Əкімдіктер осы учаскелердің əрқайсысында байланыс нысандарына жер бөліп, оларды электр желісіне қосуды қамтамасыз етуі тиіс. Операторлармен бірге тұрғындарға жабдықтың қайда орнатылатынын жəне байланыс сапасының қалай жақсаратынын түсіндіруі керек. Биылғы жоспарлы өлшеу кезінде тағы 289 «ақ дақ» анықталды. Оның 70-інде мəселе шешілді. Жұмыстар созылып жатқан жерлерде операторлар алаңдар мен байланыс мұнараларын бірлесіп пайдалануы керек, — деді ол.

Вице-премьер қайта өлшегенде байланыстың тұрақты екені расталса ғана учаске бақылаудан алынатынын ескертті.

— Əкімдіктер Мемлекеттік радиожиілік қызметімен тест-драйв өткізуге арналған шарт талаптарын алдын ала келісуі тиіс. 2027 жылғы қаңтардан бастап əкімдіктер уəкілетті органмен бірге елдегі барлық ауылда мобильді байланыс сапасын тексеруге кірісуі керек, — деді Жаслан Мәдиев.

Айта кетейік, Қазақстан 2027 жылдың соңына дейін 3G-ден толық бас тартады.