2027 жылы Қазақстандағы 50 медициналық колледж мемлекеттік аттестаттаудан өтеді

АСТАНА. KAZINFORM – 2027 жылдан бастап Қазақстандағы медициналық колледждердің жартысы мемлекеттік аттестаттаудан өтеді. Комиссиялар оқу орындарына барып, білім беру сапасын 10 бағыт бойынша бағалайды, деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.

2027 жылы Қазақстандағы 50 медициналық колледж мемлекеттік аттестаттаудан өтеді
Фото: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі

Орта буын медицина мамандарын даярлау сапасына мемлекеттік бақылауды күшейту мақсатында 2026 жылы Денсаулық сақтау министрлігі алғаш рет техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттаудан өткізу қағидаларын бекітті. Жаңа тәртіп бойынша колледждерді тікелей барып тексеру міндеттелген.

Биыл аттестаттауға төрт медициналық колледж іріктелді. Оның екеуінде тексеру жұмыстары жүргізіліп үлгерді.

Келесі жылы еліміздегі 50 медициналық колледж мемлекеттік аттестаттаудан өтеді. Көшпелі тексеру кезінде олардың материалдық-техникалық базасы, оқу процесінің ұйымдастырылуы, симуляциялық орталықтарының жабдықталуы және мамандар даярлау сапасы бағаланады. Сондай-ақ білім беру ұйымдарының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкестігі 10 бағыт бойынша тексеріледі.

Қазір Қазақстанда 100 медициналық колледж жұмыс істейді. Оның 22-сі – мемлекеттік оқу орындары. Олар медицина кадрларын даярлаумен қатар, жекеменшік колледждер үшін де сапа стандарттарын қалыптастыруы тиіс.

-Осы бағытта оқу бағдарламаларын мамандықтардың бейіндік ерекшеліктеріне сай қайта қарау, техникалық базаны жаңарту және дуальды білім беру элементтерін енгізу көзделген. Сонымен қатар өндірістік практикадан өту және мемлекеттік грант бойынша оқу міндеттемелерін өтеу тәсілдерін өзгерту жоспарланып отыр,-делінген хабарламада.

Айта кетейік, биыл колледждерге 133 мың студент қабылданады.