2027 жылға дейін 84,6 млрд доллардың тауарын экспорттаймыз – министрлік
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан 2027 жылға дейін 84,6 млрд доллардың тауарын экспорттап, 53,5 млрд доллардың импортын тұтынбақшы. ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Үкімет отырысында осындай болжам айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бюджеттік жоспарлау үшін негіз ретінде базалық сценарийді пайдалану ұсынылады. Осы сценарийге сәйкес жалпы ішкі өнімнің нақты өсуі 2023 жылғы 4,0%-дан 2027 жылы 4,2 %-ға дейін жеделдейді.
Номиналды жалпы ішкі өнім 120,7 трлн теңгеден 176,6 трлн теңгеге дейін өседі.
Экономиканың барлық базалық салаларында оң өсу күтілуде.
Мәселен, өнеркәсіпте орташа жылдық өсу қарқыны 3,1 %-ды, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде – 3,5%-ды, тау-кен өндіру өнеркәсібінде – 2,9%-ды құрайды. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі көлемінің орташа жылдық өсуі 3,9%-ды құрайды», -деді ведомство басшысы.
Министрліктің болжамына сүйенсек, құрылыс саласының болжамды өсуі орта есеппен 3,8%-ды, сауда – 5,7%-ды құрауға тиіс.
«Мұнай өндіру 2023 жылы 92,6 млн тоннаны құрап, 2027 жылы 99,9 млн тоннаға дейін ұлғаяды.
Ұлттық Банктің болжамы бойынша экспорт 80,9 млрд долларынан 84,6 млрд долларына дейін, импорт 45,7 млрд долларынан 53,5 млрд долларына дейін өседі», - деді министр.