2028 жылдан бастап психологтардың мемлекеттік тізілімі іске қосылады

АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде психологтардың мемлекеттік тізілімі қалыптасады. Оған енбеген мамандар психологиялық қызмет көрсете алмайды әрі өздерін психолог деп атауға құқы болмайды. Сенат «Психологиялық қызмет туралы» заң аясында осы және өзге де түзетулерді мақұлдады. 

2028 жылдан бастап психологтардың мемлекеттік тізілімі іске қосылады
Фото: Satu.kz

Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаменті директорының орынбасары Бағлан Қасеновтің айтуынша, заң жобасына депутаттар бастамашы болған.

— Заңға депутаттар бастамашы болды. Оған әлеуметтік желілерде псевдопсихологтардың көбеюі себеп, — деді Бағлан Қасенов Jibek Joly телеарнасының «Бүгін Live» бағдарламасында.

Бағлан Қасеновтің сөзінше, мемлекеттік тізілім 2028 жылдан бастап қалыптастырылады.

2028 жылдан бастап психологтардың мемлекеттік тізілімі іске қосылады
Фото: видеодан алынған скрин

— Мемлекеттік тізілімді 2028 жылдан бастап қалыптастыру жоспарланып отыр. Оған дейін мамандарға сертификаттаудан өтіп, жаңа талаптарға дайындалуға мүмкіндік беріледі. Тізілімге тиісті жоғары білімі, дипломы мен халықаралық сертификаттары бар мамандар енгізіледі, — деді спикер.

Жаңа заң аясында психологтардың кәсіби қызметіне қойылатын талаптар күшейтілмек.

— Басты жаңалықтардың бірі — психологтарға арналған кәсіби стандарттың енгізілуі. Ол мамандардың білім деңгейіне, кәсіби құзыреттілігіне және біліктілігіне қойылатын бірыңғай талаптарды белгілейді. Сонымен қатар психологтардың кәсіби этикасының бірыңғай кодексі бекітіледі, — деді спикер.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов екі апталық курсты бітірген психологтардың дәурені біткенін айтқан еді.