2028 жылдан кейін UEFA Ұлттар лигасының форматы өзгереді
АСТАНА. KAZINFORM — UEFA Атқарушы комитеті Түркияның Ыстанбұл қаласында өткен отырысында ерлер арасындағы ұлттық құрамаларға арналған турнирлердің жаңа тұжырымдамасын мақұлдады.
Ұлттар лигасы мен Еуропа чемпионаты іріктеу кезеңінің жаңартылған форматы 2028 жылғы құрлықтық додадан кейін енгізіледі.
2028/29 жылғы маусымнан бастап Ұлттар лигасы әрқайсысында 18 құрамадан тұратын үш лига форматына көшеді. Әр лига алты қомандадан құралған үш топқа бөлінеді. Бұрын құрамалар төрт лигадан тұратын доп додасында бақ сынайтын еді.
Ендігі кезекте құрамалар топтық кезең аясында бес түрлі қарсыласпен алты матч өткізеді. Құрамалар әртүрлі себеттегі қарсыластарымен өз алаңында немесе қонақта бір кездесуден ойнауы тиіс. Сондай-ақ өз себетіндегі қарсыласпен өз алаңында және қонақта екі матч өткізеді.
Турнирге 55 ұлттық құрама қатысады. Сондықтан С лигасы жеті құрамадан тұратын бір топты қамтиды. Бұл топтың матчтары халықаралық үзіліс мерзімінен бір кезең ерте басталады. Ширек финал, төрт құрама қатысатын финалдық турнир және лигаларда жоғарылау мен төмендеу үшін өтетін плей-офф матчтары сақталады.
Сондай-ақ өзгерістер Еуропа чемпионаты іріктеу кезеңінде де жүргізіледі. Жаңа формат көпдеңгейлі болады. Айта кетсек, 1-лига Ұлттар лигасының А және В лигаларындағы 36, 2-лига қалған 18 немесе 19 құрамадан тұрады. 1-лигада үш себеттен 12 құрамадан тұратын үш топ құрылады. Әр құрама алты түрлі қарсыласқа қарсы (әр себеттен екі құрамадан) өз алаңында немесе қонақта алты матч өткізеді.
Бұл қағида UEFA-ның клубтық турнирінің форматына ұқсас болады. Финалдық кезеңге автоматты түрде жолдама алған қожайын елдердің құрамалары да іріктеуге қатысады.
Бұл олардың Ұлттар лигасының келесі маусымындағы орнын анықтау үшін қажет. 1-лиганың әр тобындағы үздік құрамалар финалдық кезеңге тікелей жолдама алады.
Қалған орындар плей-офф жүйесі арқылы үлестіріліп, бұл 2-лига командаларына іріктеуден өтуге қосымша мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, отырыста UEFA-ның бірқатар регламенті бекітілді. Оның ішінде 2026-28 жылдардағы ерлер арасындағы Еуропа чемпионаты, 2026 жылғы суперкубок, футзалдан 2026/27 жылғы Чемпиондар лигасы, клубтарды лицензиялау және қаржылық тұрақтылық, тәртіптік жарғы, ұйымдастырушылық регламент және басқа да бағыттар бойынша құжаттар бар.
Таяу айларда жаңа форматтардың тұжырымдамасы толық пысықталады. Нақтыланған формат 2026 жылдың 15 қыркүйегінде Салоники (Грекия) қаласында өтетін УЕФА Атқарушы комитетінің келесі отырысында біржола бекітуге ұсынылады.
Еске салсақ, франциялық шабуылшы Килиан Мбаппе екінші маусым қатарынан La Liga-ның үздік бомбардирі атанды.