2030 жылға қарай Ақмола облысында мектеп тапшылығы 13 мың орынға жетуі мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-министр Олжас Бектенов Сенат депутатының сауалына берген жауапта Ақмола облысындағы мектеп тапшылығын мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында шешу жоспарланып отырғанын мәлім етті.

Школа , образование / мектеп , білім
Фото: Kazinform / Әділет Беремқұлов

- Сіздердің сауалдарыңызда 9 000 оқушыға арналған 8 мектеп салу қажеттігі туралы мәселе көтерілген болатын. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі мен Ақмола облысының әкімдігі жаңа мектептерге 2030 жылға дейінгі сұранысқа жан-жақты талдау жүргізді.

Демографиялық өсімнің тұрақты қарқыны мен елордамен шекаралас аймақтың белсенді дамуына байланысты оқушылар санының артуы күтілуде. Жүргізілген есеп-қисапқа сәйкес 2030 жылға қарай оқушылар контингенті шамамен 153 мың адамға, ал оқушы орындарының тапшылығы 13 мыңға дейін жетуі ықтимал, - деп жазылған жауапта.

Үкімет бұл проблеманы шешу үшін мемлекет-жекеменшік әріптестігі тетігін енгізбекші.

- Республикалық бюджет қаражаты шектеулі болғандықтан, жобаны қазіргі кезеңде бюджет есебінен іске асыру мүмкін емес. Осыған байланысты мемлекет-жекеменшік әріптестігі балама ретінде қарастырылып отыр. Ол бюджеттен тыс қаржы көздерін тартуға, мемлекет қаражатына түсетін жүктемені азайтуға және жобаны неғұрлым жедел іске асыруға мүмкіндік береді, - дейді Премьер-министр.

Аталған әріптестік тетігі мынандай негізгі шарттарға негізделмек:

- балаларға 100% тегін білім беру;

- Орта білім берудің жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру әдістемесіне сәйкес амортизациялық компонент төлемі;

- мемлекеттік тапсырыстың кепілдендірілген көлемі;

- жобалық қуатты әкімдіктің оқушы орындарына нақты сұранысқа сүйене отырып айқындау мүмкіндігі;

- әкімдіктің жер учаскесін, жобалық-сметалық құжаттаманы және инженерлік коммуникациялар мен инфрақұрылымды қамтамасыз етуі.

Бұған дейін Қазақстан мектептеріне Google for Education экожүйесін енгізу бойынша пилоттық жоба басталғанын жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар