2030 жылға қарай Қазақстанда артық салмағы бар балалар жарты миллионға жетеді

Кейінгі бірнеше жылда Қазақстанда артық салмағы бар немесе семіздікке шалдыққан 11-15 жастағы балалар үлесі 1,6 есе өскен. 2018 жылы бұл көрсеткіш 9,7% болса, өткен жылы – 15,4%-ға дейін өсті. Мұндай қауіпті тенденция қыздардың да, ұлдардың да арасында байқалып отыр, деп хабарлайды Kazinform Energyprom сайтына сілтеме жасап. 

Бала
Фото: Фонд "Жулдызай"

Әсіресе ұлдар (19,2%) қыздарға (11,3%) қарағанда артық салмаққа бейім келеді. 2022 жылы балалардың 4,7%-ына «семіздік» диагнозы қойылған. Мұндай қорытындыларды «2022 жылы Қазақстан оқушыларының өмір салты факторлары» ұлттық есебінің авторлары жариялады.

ҚР Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының (ДДҰО) мамандары сауалнама арқылы қазақстандық жасөспірімдердің денсаулық жағдайы мен қауіп факторларын зерделей отырып, 11 жастағы балалардың артық дене салмағынан жиі зардап шегетінін анықтады.

Осы жастағы әрбір төртінші баланың салмағы бойына сәйкес келмейді. 11 жастағы қыздар арасында артық салмақ үлесі аз (14,3%).

Сәл үлкенірек жасөспірімдерде жағдай жақсырақ – 13 жаста ұлдардың 17%-ында және қыздардың 9,7%-ында артық салмақ немесе семіздік байқалады. 15 жастағы ұлдардың 14,3%-ында толықтық бар, ал қыздардың 9,9%-ында нормадан артық салмақ бар.

Бұл деректер салмақ пен бой туралы ақпарат негізінде балалардың дене салмағының индексін (BMI) есептеу арқылы алынды.

Қазақстанда балалардағы семіздіктің жиілеуі дәрігерлерді алаңдатады, өйткені статистикаға сәйкес, 90% жағдайда толық балалар кейін толық ересекке айналады. Денсаулық сақтау жүйесі үшін бұл күрделі мәселе. Артық салмақ — II типті қант диабеті, гипертония, жүрек-қан тамырлары ауруларының дамуының негізгі факторларының бірі. Қазақстанда толық балалар саны азаймай, өсіп келе жатқандықтан Дүниежүзілік семіздікке қарсы күрес федерациясының (ДДҰ консультативтік органы) сарапшылары болашаққа жағдайдың көңіл көншітпейтін болжамын жасауға мәжбүр болды.

Егер елімізде балалардағы семіздік үрдісі өзгермесе, 2030 жылға қарай Қазақстанда артық салмағы бар 5 жастан 19 жасқа дейінгі 536,9 мың адам болады. Олардың басым бөлігі жасөспірімдер мен жастар (330,4 мың адам), аздаған бөлігі — 5 жастан 9 жасқа дейінгі балалар болады. 

Өткен жылы аптасына 1-6 рет қант қосылған сусын ішкен балалардың үлесі 2018 жылғы 60,2%-дан 66,7%-ға дейін өсті. 2022 жылы 11-15 жас аралығындағы әрбір бесінші жасөспірім аптасына кемінде бір рет энергетикалық сусын ішкен. Балалардың үштен бір бөлігі ғана күн сайын жемістер мен көкөністерді тұтынған. Күн сайын толыққанды таңғы ас ішетін жасөспірімдер саны аз.

Сонымен бірге физикалық белсенділік көрсеткіштері төмендеді: балалар аз жүріп, компьютерде көбірек отыра бастады. 2022 жылы кәмелетке толмағандардың 32,4%-ында ғана күнделікті бір сағаттық серуендеу немесе секциялық жаттығулар өткен. Аптасына кемінде үш күн жоғары қарқынды физикалық белсенділік балалардың 64,5%-ында байқалған.

Еліміздегі балалалардың гаджеттерге әуестігі ата-аналарды алаңдататып отыр. Өткен жылы балалардың 51,2%-ы планшет, смартфон мен компьютер экрандарының алдында күніне екі сағаттан астам уақыт өткізген. Сауалнама нәтижесі бойынша ұлдар көбінесе видеоойындар ойнайды, қыздар әлеуметтік желілерде сөйлеседі және сайттарды қарайды. 2018 жылдан бастап бұл көрсеткіш 24 пайыздық тармаққа өскен. 

Соңғы жаңалықтар