2030 жылға қарай су үнемдеу технологиялары қолданылатын алқаптар 1,3 млн гектар болады

АСТАНА. KAZINFORM- Қазақстан 2030 жылға қарай су үнемдеу технологиялары қолданылатын суармалы алқаптардың көлемін 1,3 млн гектарға жеткізуді мақсат етіп отыр. Бұл жыл сайын 2,2 млрд текше метрге дейін су үнемдеуге мүмкіндік береді деп болжанып отыр, деп хабарлайды ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.

2030 жылға қарай су үнемдеу технологиялары қолданылатын алқаптар
Фото: ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі

Осы бағыттағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту үшін Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) аясында суды үнемдеу технологиялары бойынша тәжірибе алмасатын өңірлік платформа құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова Қытайдың Шэньси провинциясында өткен 33-ші Янлин ауыл шаруашылығы көрмесі аясындағы ШЫҰ-ның заманауи ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі 2026 жылғы дөңгелек үстелінде айтты.

Қазақстан тарапы ұсынған өңірлік платформаға ұйымға мүше мемлекеттердің тиісті мемлекеттік органдарын, ғылыми-зерттеу институттарын, аграрлық жоғары оқу орындарын, жабдық өндірушілерін және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін тарту көзделіп отыр. Мұндай алаң тиімді агротехнологияларды кеңінен таратуға, бірлескен ғылыми зерттеулер мен далалық сынақтар жүргізуге, ғылыми әзірлемелермен алмасуға және ауыл шаруашылығы саласына қажетті мамандар даярлауға мүмкіндік береді.

Ынтымақтастықтың басым бағыттарына тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйелерін енгізу, дәлме-дәл егіншілік технологияларын дамыту, топырақ ылғалдылығын цифрлық бақылау, суаруды автоматты басқару жүйелерін жетілдіру, суармалы жерлердің тұздануының алдын алу және ауыл шаруашылығы өндірісінің климат өзгерісіне төзімділігін арттыру кіреді.

-ШЫҰ елдерінің ауыл шаруашылығы саласында ғылыми білімді, озық технологияларды, инвестициялар мен тәжірибені біріктіруге мол мүмкіндік бар. Біздің ортақ міндетіміз — жаңа әзірлемелермен алмасып қана қоймай, оларды әр елдің табиғи-климаттық ерекшеліктері мен ауыл шаруашылығы өндірушілерінің қажеттіліктерін ескере отырып, іс жүзінде қолдану. Суды үнемдеу технологиялары саласындағы әріптестікті нығайту агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақтылығын арттырып, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосады деп сенеміз, — деп атап өтті Назгүл Хатепова.

Жұмыс сапары аясында қазақстандық делегация 33-ші Янлин ауыл шаруашылығы көрмесінің бірнеше павильонын аралады. Олардың қатарында халықаралық ауыл шаруашылығы ынтымақтастығы мен тәжірибе алмасу көрмесі, ауыл шаруашылығындағы жоғары технологиялық жетістіктер мен жаңа өндірістік шешімдер көрмесі, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарының халықаралық көрмесі болды.

Делегация мүшелері ауыл шаруашылығы машиналарын жасау саласындағы жаңа әзірлемелермен, инновациялық технологиялармен және аграрлық өндірістің тиімділігін арттыруға бағытталған заманауи шешімдермен танысты.

Осыған дейін Қазақстанда су инфрақұрылымын дамытуға 192,6 млрд теңге бағытталғаны туралы жаздық.