2030 жылға дейін 13 облыс газбен қамтамасыз етіледі - Энергетика министрлігі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елді газдандырудың жоспары аясында 2030 жылға дейін 13 облыс газбен қамтамасыз етіледі. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев осылай мәлім етті.
2014 жылдың қарашасында Үкімет елді газдандырудың 2015-2030 жылдарға арналған Бас сызбасын бекіткенін еске салып өткен министрдің орынбасары, осы Бас сызбаны жүзеге асыру аясында 2030 жылға дейін 13 облыс газбен қамтылатынын атап өтті.
Белгілі болғандай, бүгінде еліміздің 42 пайызы газбен қамтылып отыр. Ал, Бас сызба бойынша тұрғындардың 56 пайызы газбен қамтамасыз етіліп, жаңа газ құбырларының жалпы ұзындығы 30 шақырымға жуықтайды екен. 2030 жылға дейінгі бұл салаға қажетті инвестиция көлемі 656 млрд теңгеге жетеді.
Оның сөзіне қарағанда, 2014 жылы республикада табиғи газды тұтыну көлемі 12,4 млрд текше метрге жетті.
Ведомство мәліметінше, былтыр газ өндіру көлемі 43,2 млрд. текше метрді құрады.