2030 жылға дейін қоғамдық көліктер экологиялық таза жанармайға ауыстырылады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, 2030 жылға дейін қаладағы қоғамдық көліктер экологиялық таза жанармайға ауыстырылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2030 жылға дейін қоғамдық көліктер экологиялық таза жанармайға ауыстырылады

«2018 жылдан бастап Еуро-5 экологиялық стандарқа ауыстырылды. Жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп, 2030 жылға дейін барлық қалалық жолаушылар көлігін экологиялық таза жанармайға ауыстыруға қажетті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Автокөлік құралдарының нормативтік техникалық жай-күйін және зиянды заттар шығарындылары нормаларын сақтау үшін техникалық тексеру орталықтарының және көлік иелерінің техникалық тексеруден жалған өткені үшін жауапкершілігін күшейту жұмысы жүріп жатыр», - деді ол Үкімет отырысында.

Вице-министрдің мәліметі бойынша, 2025 жылға дейін барлық техникалық нормативтер халықаралық стандартқа сәйкестендіріліп, қабылданған шаралар 2030 жылға дейін жүк көлігінің кемінде 30% және жеңіл көліктердің шамамен 70% экологиялық таза жанармайға ауыстыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, үкімет отырысында Қайырбек Өскенбаев өнеркәсіп алпауыттарының экологиялық шараларға қанша қаржы жұмсайтынын айтты.