2030 жылға қарай Астана еліміздегі ең «ақылды қалаға» айналады

Бұл туралы бүгін елорданың инновациялық дамуына арналған «Smart Astana-2011» конференциясы барысында Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов білдірді.
«21 ғасырдың проблемасын 19 ғасырдың сана-сезімімен шешу мүмкін емес. Бұл - анық. Өйткені қалалардың әлемдік өсімі жүйесіндегі динамика түбегейлі өзгерген. Сондықтан қалалардың түбегейлі өзгеруі дәуіріндегі біздің міндетіміз елорданың техникалық жарақтануына, жаңа инновациялық технологиялық шешімдерді белсенді енгізу арқылы интеллектуалды дамуына ұмтылуымыз керек. Осы орайда Астананың одан әрі қарай дамуы қажеттігін түсіне отырып, «Smart Astana» жобасының тұжырымдасы әзірленді», - деді И.Тасмағамбетов.
Астана инфрақұрылымын кешенді жаңғыртуға бағытталған «Smart Astana» («Ақылды қала») жобасы қала тұрғындарының жұмысы мен демалысы жайлы болуына қажетті жағдайды жасайды. Жобаның негізі еуропаның «ақылды» қалаларды дамыту моделінен алынған. Олар ақылды экономика, ұялы байланысқа қолжетімділік, ақылды қоршаған орта, ақылды әкімдік, ақылды тұрғын үй ортасы, ақылды адамдар сынды 6 сипаттамаға негізделеді.
Қала әкімінің атап өтуінше, осы бағыттардағы алғашқы қадам қазірдің өзінде жасалып отыр. Аталған жобаны іске асыру аясында ағымдағы жылдың өзінде әлеуметтік бірқатар ілкі жоба іске қосылмақ. «Менің ойымша, 2030 жылға қарай біздер Астананы тек әдемі қала қана емес, сонымен қатар елдегі ең «ақылды қала» деп айтатын боламыз», - деді ол.