2030 жылға қарай Қазақстанда газ тұтыну көлемі 18 млрд. текше метрге жетеді - Ұ.Қарабалин
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2030 жылға қарай Қазақстанда газ тұтыну көлемі 18 млрд. текше метрге жетеді. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Энергетика бірінші вице-министрі Ұзақбай Қарабалин мәлім етті.
Оның сөзіне қарағанда, бүгін Үкіметте таныстырылған Қазақстанды газдандырудың бас жоспарын әзірлеу барысында пессимистік, базалық және оптимистік сценарийлер қарастырылған. Эксперттік бағалаудың нәтижесінде одан ары бекітуге базалық сценарий ұсынылған. Аталған сценарийге сәйкес, бұған дейін газдандырылған өңірлерге жүргізілген шаралар елді мекендерді газдандыру барысында қолданылатын болады.
«2030 жылға қарай газ тұтыну көлемі қазіргі 11 млрд. текше метрден 18 млрд. текше метрге дейін артатын болады. Мұндай жобаны жүзеге асыруға қажетті соманың көлемі 656 млрд. теңгені құрайды», - деді Ұ.Қарабалин.
Сондай-ақ, бірінші вице-министрдің сөзіне қарағанда, газдандырудың бас сызбасын жүзеге асырудың нижесінде көгілдір отынған қол жеткізген елді мекендердің санын 988-ден 1621-ге артады. Абоненттер саны 1,4 миллионнан 2,9 миллионға дейін көбейеді. Жаңа газ құбырлары салынып, олардың жалпы ұзақтығы 28,5 мың шақырымнан 57,5 мың шақырымға дейін жетеді. Еліміздің 13 облысының тұрғындары көгілдір отын қызығын көреді.