2030 жылға қарай қазақстандықтар электр энергиясының 11 пайызын жел мен күннен, ал 8 пайызын атомнан алады

АСТАНА. 5 маусым. ҚазАқпарат - 2030 жылға қарай қазақстандықтар электр энергиясының 11 пайызын жел мен күннен, ал 8 пайызын атомнан алады. Бұл туралы Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифингте ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров мәлім етті.

2030 жылға қарай қазақстандықтар электр энергиясының 11 пайызын жел мен күннен, ал 8 пайызын атомнан алады

Электр энергетикасы салаласында баламалы және жаңартылатын энергияның жиынтық үлесін 2030 жылы 30, ал 250 жылы 50 пайызға жеткізу көзделіп отырғандығын атап өткен министр: «Яғни, табиғи газдың ішкі бағасы жоғары болған жағдайда біздің энергия себетіміздің 11 пайызын жел мен күн, 8 пайызын атом, 10 пайызын су стансалары, 21 пайызын газ және 49 пайызын көмір құрайтын болады. 2050 жылға қарай жел мен күн энергия көздерінің үлесі 39, АЭС пен СЭС - 14, газ стансалары - 16 және қалған 31 пайызын жаңғырытылған немесе таза технологияларға негізделген жаңа буын көмір стансалары құрайды», - деді.

Министрдің атап өтуінше, энергия тиімділікті жоғарылатуға бағытталған шараларды жүргізу нәтижесінде электр қуатын өндіру қажеттілігі 2030 жылға қарай - 13, ал 2050 жылға қарай 10 пайызға азаятын болады.