17:20, 26 Сәуір 2013 | GMT +5
2030 жылға қарай Қытай экономикасы әлемдегі №1 экономикаға айналады - Қ. Келімбетов
АСТАНА. 26 сәуір. ҚазАқпарат - 2030 жылға қарай немесе соған дейін Қытай экономикасы әлемдегі №1 экономика болады. Бүгін Астанада өтіп жатқан Еуразия медиа форумы барысында сөз сөйлеген Үкімет басшысының орынбасары Қайрат Келімбетов осындай пікір білдірді.

«Қазіргі таңда біз Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше-мемлекеттердің даму банкін құру мәселесін талқылап жатырмыз. Интеграциялық жобаларды қаржыландыру мүмкіндіктерін де талқылаудамыз», - деді Қайрат Келімбетов.
Оның пайымынша, 2030 жылға қарай немесе соған дейін Қытай экономикасы әлемдегі №1 экономика болады. «Сондықтан да, бұл фактіні елемеу, бұл жағдайды елдің экономикалық дамуына икемдемеу - бұл ешқандай да ескертуді қажет етпейтін, зор қателік болатын еді. Бүкіл әлем осыны түсінеді, әлемнің алпауыт инвесторларының басым бөлігі Қытаймен жұмыс істеп, онда өздерінің өндірістерін ашып, технологияларды беріп жатыр. Біз де бұған қатысты салмақты ойлануымыз керек», - деді вице-премьер.