2030 жылға қарай үлкен қалалардың аумағы 1,5 миллион шаршы шақырымға ұлғаймақ
АСТАНА. 27 наурыз. ҚазАқпарат - Адамзаттың қазіргі өсуі қарқынына қарағанда, 2030 жылға қарай үлкен қалалардың аумағы Францияның6 Германияның және Испанияның аумағын қоса алғандағыдай көлемде кеңейеді.
Бұл туралы «Ғаламшар қысым астында» деп аталатын конференцияда сөйлеген сарапшылардың сөздеріне сілтеме жасап Earth System Science Partnership ғылыми ұйымының баспасөз қызметі хабарлады, деп мәлім етті ресейлік «Жаңалықтар» агенттігі.
Халықтың қазіргі өсу қарқыны сақталған жағдайда ғаламшардағы қала тұрғындарының саны бір аптада 1 миллионға ұлғайып, 2050 жылға қарай екі есеге жуық өсуі, сөйтіп 3,5 миллиардтан 6,3 миллиардқа дейін жетуі мүмкін. Сарапшылардың паймдауынша, бұл жағдайда қала кеңістігі шамамен 1,5 миллион шаршы шақырымға ұлғаяды.
«Қалалардың қазіргідей бұлайша өсуі қоршаған ортаның елеулі проблемаларына әкеп соғуы ықтимал», - деп мәлім етті Аризона университетінің қызметкері Микаил Фрэгкиас. Сарапшының айтуынша, соңғы жүз жылда миллион тұрғыны бар қалалар саны 20-дан 450-ге дейін артқан. Болжамдарға қарағанда, 2030 жылға қарай қалалық СО2 шығарындылар 2010 жылмен салыстырғанда 36,5 пайызға өсетін болады. Бұл көрсеткіш 2010 жылы 15 миллиард текше тоннаны құраған болатын.
«Ғаламшар қысым астында» конференциясы 26-29 наурыз күндері Лондонда БҰҰ-ның бүкіләлемдік «Рио+20» климаттық саммиті қарсаңында өтуде. Ғалымдар мен сарапшылар осындай көңілсіз болжамдарға қарай әлемдегі қоршаған орта тепе-теңдігін қалай сақтауға болады, деген мәселеге бас қатыруда.