2035 жылға дейін экономикаға тағы 2,9 млн кадр қажет болады — Асқарбек Ертаев
АСТАНА. KAZINFORM — Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Қазақстандағы жұмыс күші және келешекте қосымша қанша маман қажет болатыны жөнінде мәлімдеме жасады.
— Бүгінгі күні кадрлармен қамтамасыз ету экономиканың орнықты дамуының негізгі факторына айналып отыр. Басты міндет — экономиканың нақты қажеттілігі, жұмыскерлердің біліктілігі және кадрлар даярлау жүйесі арасындағы сәйкестікті қамтамасыз ету. Осы принципке орай, жұмысшы мамандықтар бойынша кадрлар даярлаудың жаңа тәсілдері құрылатын болады, — деп алдағы мақсаттарды атап өтті ол.
Сонымен бірге, ол қазіргі жағдайға тоқталды. Министрдің сөзінше, бүгінде елде жұмыс күшінің саны — 9,8 млн адам. Оның жұмыспен қамтылғаны — 9,4 млн кісі, яғни жұмыспен қамту деңгейі — 96%.
— Еңбек нарығында жұмысшы кадрларға тұрақты сұраныс байқалып отыр. Электрондық еңбек биржасына орналастырылған бос орындардың жартысынан астамы — жұмысшы мамандықтар екенін атап өткім келеді. Негізгі міндет — сұранысты қалыптастыру емес, кадр дайындаудың экономиканың ағымдағы және перспективтік қажеттіліктеріне сәйкестігін қамтамасыз ету, — деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.
Асқарбек Ертаев келешекке қандай болжам бар екенін де айтты. Оның сөзінше, 2035 жылға дейін экономикаға тағы 2,9 млн кадр қажет болады. Оның ішінде жұмысшы мамандықтар бойынша керек кадрлер саны — 1,8 млн адам.
Айта кетейік, бұған дейін жыл сайын елімізге 300 мыңдай шетел азаматы жұмыс істеуге келетінін жазғанбыз.