2035 жылға қарай Израильде бір жарым миллионнан астам қарттар тұрады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Израильдің геронтологиялық қоғамы келтірген мәлімет бойынша, қазіргі кезде елде жасы 65-тен асқан 833 000 адам тұрады, деп хабарлады NEWSru Израиль сайты.
Олардың есебінше, заманауи дәрі-дәрмектердің, салауатты өмір салтының және қоршаған ортаны қорғаудың арқасында 2035 жылға қарай қарт адамдардың саны екі есе өсіп, 1,64 млн. адамға жетеді. Бұл туралы 8 маусым күні The Jerusalem Post газеті жазып отыр.
«Халықтың бұл жігінің ұлғаюы арта түседі, қарқыны шапшаңдай түседі - және бұл үдеріс демографияға ғана емес, сондай-ақ елдің саясаты мен экономикасына және азаматтардың әл-ауқатына да әсер етеді», дейді Бен-Гурион университетінің геронтология профессоры Эстер Лекович.
Геронтология қоғамы Израиль үкіметінің басшысы Биньямин Нетаняхуға осы проблема бойынша толық ауқымды есеп ұсынды және оны қарт адамдарға көмек берудің ұлттық бағдарламасын қалыптастыру міндетімен айналысатын мемлекеттік комиссия құруға шақырды.
Сарапшылардың мәліметтері бойынша, бүгінде көптеген қарттар қайыршылықта, ауру және жалғыздық жағдайында өмір сүруде, ал денсаулығы жақсы, жан-жақты қамтылған адамдар олардың демалысын ұйымдастыруға және әлеуметтік іспен айналысуға мұқтаж.