2035 жылға қарай Қазақстанға 10 ГВт-тан астам жаңа энергия қажет болады
АСТАНА. ҚазАқпарат – 2035 жылға қарай Қазақстанға 10 ГВт-тан астам жаңа энергия қажет болады. Үкімет басшысы Әлихан Смайылов осындай болжам ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүкіл әлем елдері электр қуатын жаңартылатын энергия көздерінен алуға күш салып жатыр.
Соған қарамастан, бүгінде өндірілетін энергияның 80%-тен астамы көмір мен мұнай секілді қазба отындарынан алынып отыр.
Өңірлерде электр желілерінің тозуы шамамен 65% құрайды. Жылу электр орталықтарындағы жабдықтардың тозу деңгейі кейбір қалаларда тіпті 80% болып отыр.
Сондықтан электр станциялары мен қазандықтардың жабдықтарын жаңартып, желілерді реконструкциялау қажет.
Сонымен қатар, экономиканың тұрақты өсуін қамтамасыз ету үшін 2035 жылға қарай 10 ГВт-тан астам жаңа энергия қуаты қажет болады», - деді ол Үкімет отырысында.
Премьер-Министрдің сөзіне қарағанда, оған қажетті ресурстар жеткілікті.
«Жаңартылатын энергетиканы дамытуға жарайтын қажетті жер аумағы, қазба байлығының мол қоры, атом энергетикасын дамыту жөніндегі жоспарымыз бар», - деді Әлихан Смайылов.