2036 жылғы жазғы Олимпиада ойындарын өткізуге жеті ел үміткер
АСТАНА. KAZINFORM — Германия, Венгрия, Үндістан, Катар, Корея Республикасы, Оңтүстік Африка Республикасы және Түркия 2036 жылғы жазғы Олимпиада ойындарын өткізу бойынша Халықаралық Олимпиада комитетімен келіссөз жүргізіп келеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
ХОК 6 қазан күні үміткерлер тізімін және әлеуетті ұйымдастырушыларға арналған нұсқаулықтарды жариялады.
Басқа елдердің ұлттық олимпиада комитеттері де қызығушылық танытып жатса, 2026 жылдың 31 қазанына дейін ХОК-тың есігі ашық.
Қараша айында үміткер елдер өз жобаларын ХОК комиссиясына ұсынады.
2027 жылдың наурыз айында Атқарушы комитет қысқа тізімді бекітіп, стратегиялық диалог кезеңін бастайды.
Тізімнің ішінен басымдық берілетін үміткерлер 2028 жылдың соңына дейін іріктеліп, соңғы шешімді ХОК мүшелері 2029 жылдың ортасында дауыс беру арқылы қабылдайды.
Іріктеу қағидаттарын Атқарушы кеңес мақұлдап, «Fit for the Future» реформасы аясында 2026 жылдың маусым айында Лозаннада өткен ХОК-тың 146-шы сессиясында бекітілді.
Жобалар ареналардың бас жоспары мен спортшыларға жасалатын жағдайларға, қаржыландыру көздеріне, саяси және қоғамдық қолдауға, Ойындарға дайындық және мұра стратегиясына негізделіп бағаланады.
Үндістан Ахмедабадты ұсынады. Үнді елі Олимпиадаға алғаш рет өтінім беріп отыр. Қатар Дохада өткізгісі келеді. Ел астанасы футболдан 2022 жылғы әлем чемпионатын өткізіп, тәжірибе жинақтаған, бірақ жаздың аптап ыстығына байланысты әдеттегідей шілде және тамызда емес, салқын айларда өткізуге тура келуі мүмкін.
Германияның намысын 1972 жылғы Ойындардың қожайыны Мюнхен қорғамақ. Оңтүстік Корея 1988 жылғы жазғы Ойындарды өткізген Сеулді ұсынып отыр.
Оңтүстік Африка Кейптаунға арқа сүйеп, Олимпиада ойындарын өткізген алғашқы африкалық ел болғысы келеді.
Венгрия Будапешті, ал Түркия бұрын да бірнеше рет өтінім берген Стамбұлды ұсынып отыр.
Кейбір ұлттық комитеттер ХОК-пен 2036 жылдан кейін, соның ішінде 2040 және 2044 жылдары ойындарды өткізу мүмкіндігі жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр.
Қазіргі уақытта алдағы төрт Олимпиаданың қожайыны белгілі: 2028 жылы Лос-Анджелес, 2030 жылы Францияның Альпі тауларындағы қалалары, 2032 жылы Аустралияның Брисбен қаласы, ал 2034 жылы АҚШ-тың Юта штаты қабылдайды.
— Ойындар қай жерде өтсе де, бір нәрсе өзгермеуі керек: біздің барлық жұмысымыздың қақ ортасында спортшылар болсын, — деді ХОК президенті Кирсти Ковентри.
Бұған дейін Берлин 2036 жылғы Олимпиаданы өткізуге үміткер болудан бас тартатынын, сондай-ақ Мюнхен Германияның жазғы Олимпиада ойындарын өткізуге үміткері атанғанын хабарлаған едік.