2050 жылға қарай адамзаттың азық-түлікке сұранысы 2 есеге, тұщы суға 1,5 есеге артады - Н. Назарбаев

АСТАНА. 29 қараша. ҚазАқпарат - 2050 жылға қарай адамзаттың азық-түлікке сұранысы 2 есеге, тұщы суға 1,5 есеге артады. Бүгін Астанада «Болашақ» халықаралық стипендиясының 20 жылдық мерейтойына арналған форум барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай айтты.

2050 жылға қарай адамзаттың азық-түлікке сұранысы 2 есеге, тұщы суға 1,5 есеге артады - Н. Назарбаев
«Табыстың кілтін көру үшін «мұрынды көкке көтерудің» қажеті шамалы. Қазақстанның 2050 жылғы перспективасы барынша айқын. Бұл жерде ешқандай да қиял-ғажайып дүние жоқ. Біз «2030» дегенде де «бұл не қылған жоспар, бұл не қылған сәуегейлік» деп шыққандар да болып еді. Мына 2050 жылғы стратегияны да біз мерзімінен бұрын бітіреміз, мен мұны анық білемін», - деді Н. Назарбаев. Сондай-ақ, Елбасы бұл үшін ХХІ ғасырдың ортасы қандай болатынына көз жүгіртудің де артық болмайтындығын айтты. Президенттің пайымынша, жақын дәуірдегі басты мәселенің бірі - Жер шарының шектеулі ресурстарына орай миллиардтаған адамды қалай тамақтандыру турасында болмақ. «БҰҰ мәліметтеріне сәйкес, 2050 жылға қарай адамзаттың азық-түлікке сұранысы 2 есеге, тұщы суға 1,5 есеге артады. Азық-түлікке бағаның жоғары болуына, тапшылығына байланысты көптеген елдер жапа шегеді. Сондықтан да, біз Канада, Австралия, Жаңа Зеландия, Израиль елдерінің ауыл шаруашылығын қалай көркейтіп жатқанына баса назар аударатын боламыз. Жалпы, біз ауқымды ауыл шаруашылық аумағына иеміз: 40 млн. гектар егістік, 280 млн. гектар жайылымдар бар. Бұларды қалай пайдаланып жатырмыз? Өте нашар. Біз гектарына 13 центнер алғанға бөрікті аспанға атамыз. Ал қасымыздағы Қытай гектарына 20-30 пайызға жоғары алады. Мінеки, біз ауыл шаруашылығына нағыз ғылым ретінде қарай алмай отырғанымызға осы ғана айғақ бола алады. Ендеше осы ғылыммен түбегейлі айналысуға тиіспіз», - деді ҚР Президенті.